Құлсарыда заңсыз миссионерлік қызмет құрықталды.
Жылыой ауданының аға прокуроры Бөкенбай ЕРҚАСОВТЫҢ айтуынша, үстіміздегі жылдың ақпанында бес ер адам: үшеуі – Алматы облысының, біреуі Қарағанды қаласының, біреуі Атырау тұрғындары осы жерде заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырған.
– Олар аудан аумағында орналасқан мешіттерге (орталық, сондай-ақ, Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Тұрғызба және Шоқпартоғай мешіттеріне) барып, діндарларға ислами идеяларды уағыздаған,– дейді аға прокурор.
Оның айтуынша, ұсталғандар әдебиет таратумен айналыспаған:
– Халықтан шағымдар түсе бастаған еді, -деп нақтылады ол. - Өйткені, миссионерлік қызмет жасамас бұрын, олар дін істері департаментіне тиісті құжаттарды ұсынып, ол жерден рұқсат алуы тиіс.
Осы факті бойынша Жылыой аудандық прокуратурасы ҚР аумағында заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін әкімшілік іс қозғап, Жылыой аудандық сотына қарау үшін жолдады.
Үстіміздегі жылдың 7 наурызында Жылыой аудандық сотының қаулысымен осы азаматтар аталмыш баптар бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде олардың әрбіреуіне 100 АЕК, яғни, 161 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот, сондай-ақ, уағызшылардың Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған «Таблиги Джамаат» ұйымының мүшелері екендігін анықтады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА