Атырау, 13 қараша 10:18
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Тұт ағашы туралып, домофон буланып тұр

3 840 просмотра

Өткен жылдан бері термомодернизациялау аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Сәтбаев даңғылы, №50 үйде тұратын Ардақ СИСЕНОВ құрылысшыларға өкпелі.  Олар жер асты жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындар отырғызған тұт ағашының бұталарын тамырынан шауып тастады.

- Бәрінен бұрын менің 3 жастағы ұлым Әлихан қатты қапаланды. Өйткені, ол ағаштарды екеуіміз отырғызған едік. Бесеуін отырғыздық, олардың екеуі ғана өсіп жетілді. Жақында құрылысшылар канализациялық желіні қазған кезде, ағаштарды тамырымен жұлып кетті. Оны көрген Әлихан  қатты жылады, -- деп әңгімелейді Ардақ.

Көшеттерді жұлып алғаннан басқа да Ардақтың және басқа көршілерінің жөндеуді жүргізіп жатқан «КаспийСтройМонтаж» ЖШС-не деген  шағымдары жетерлік. Желтоқсанда құрылысшылар электр монтаждау жұмыстарын жүргізді, шамасы бір нәрсені дұрыс жасамаған болулары керек, содан бастап-ақ ток кернеуінің іркілісі пайда болды. Тұрғындардың тұрмыстық техникалары жарамсыз болып қалды, айталық Ардақтың теледидары мен радиотелефоны істен шықты.

- Бізге келісім-шартты қазан айында алып келді, бірақ біз оған  қол қойғанымыз жоқ. Менің білуімше, көршілерімнің көпшілігі қолдарын қоюдан бас тартты. Жұмысты қарашада, әбден күн салқындаған кезде бастады. Подъездерде кафель тақталарды аяз тұрған кезде төседі. Терезені де сол кезде орнатты. Желтоқсан айында канализацияны қазды, содан бітіре алмаған соң,  көктемге қалдырды. Шұңқырларды жақыннан бастап қаза бастады.  Жертөленің буланып кеткені соншалық, тіпті, домофонның өзі қатып қалып жатыр, - дейді тұрғындар.

А.Сисеновтің қолында 4 тарапты келісім-шарт бар («Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, «КС Бытсервис» ЖШС ПИК, «КаспийСтройМонтаж» ЖШС және үй тұрғындары). Келісім-шартқа сәйкес, үй тұрғыны осы жөндеу жұмыстары үшін 10 жыл ішінде 394 мың теңгеден аса ақшаны төлеуді міндетіне алады. Пәтердің жалпы пайдалы алаңының 1 шаршы метр үшін белгіленген 42,49 теңге бойынша есептегенде ол айға шамамен  3 300 теңге болады. 

- Осы мердігер компанияның атына менің де қояр талабым бар,- деп мәлімдеді  «КС Бытсервис» ЖШС ПИК төрайымы  Шолпан ТОҚСЕЙІТОВА. – Мен ол туралы жақында жолдаған хатымда баяндаған едім. Олар маған жауап және жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін барлық кемшіліктерді жоямыз деген кепілдік хат жолдаған екен. Мен қазір тағы да сметаға қатысты бір хат дайындап жатырмын.  

- Бұл үйде термомодернизацияға қанша пәтер келісімін берді?

- 90 пәтердің 63-і ғана өз келісімдерін  берді.

- Тамырынан шабылып қалған ағаштар не болмақ? 

- Сисеновке редакцияға барғаннан, бірден маған келуі керек еді. Мен мердігер компания басшысынан ағаштарды қайтадан отырғызуын сұрай аламын. 

«Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бастығы Сайлау ҚҰРМАШ тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ деп сендіреді.

 - Жөндеу жұмысы мамыр айына дейін жүргізіледі, біз оны қабылдап, мемлекеттік актке тұрғындардың жазбаша қолдауы болған жағдайда ғана қол қоямыз. Авангард-2 мөлтек ауданындағы №11 үй (таяуда тете-премьер Серік Ахметов келген кезде таныстырылған) және сол мөлтек аудандағы №40 үйде солай болды.

- Жөндеу жұмыстары үшін ақшаны мердігер компанияға аударып жібердіңіздер ме?

- Тек 90%. Олар құрылыс материалдарын сатып алғандарын және орындалған жұмыс көлемін растайтын чектарын әкеліп береді, ал, біз ақшасын аударамыз. Қалған 10% мемлекеттік актіге қол қойылғаннан  кейін ғана аударылатын болады. 

- Фирма қаржының негізгі бөлігін алып, оны жұмсап та үлгерген сияқты, ал, олардың жұмысының сапасына тұрғындар риза емес. Мердігерлердің барлық жұмысты сапалы аяқтайтындығына  кепілдік бар ма?

- Олар қалған 10%-ды әлі алған жоқ қой.. Нәтижесінде адамдар сапалы жөнделген үйді алады. Олардың бағасы өсіп те жатыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 наурыз 2012, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.