Атырау, 23 қараша 00:39
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сахнада – ғасыр айтысы

Сурет
6 713 просмотра


21 мамырда республикалық театр фестивалінің шеңберінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театры танымал ақын әрі драматург Иран Ғайыптың (Иранбек ОРАЗБАЕВТЫҢ) пьесасының желісімен қойылған «Сүйінбай» спектаклінің тұсауын кесті.

Автор өз шығармасын «драмалық эпос» ретінде белгілейді. Бұл шынымен де ХІХ ғасырдағы ұлы қазақ ақын-импровизаторы, кедейлерді жақтаушы Сүйінбай АРОНҰЛЫ туралы эпикалық шығарма (коллекционерлерде 1993 жылы шығарылған 3 теңгелік номиналдағы оның портреті салынған купюра сақталған).


Спектакльде Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысы негізгі орын алады. Айтыс қиын-қыстау кезеңде өтеді. Соның алдында ғана екі туысқан халық – қазақ пен қырғыз арасында қақтығыс болған, ауыр қантөгіс әлі де есте қалған кез еді. Оның үстіне Сүйінбай үшін бұл, спорттық терминология бойынша, «көшпелі матч» болатын.

1935 жылы жарық көрген Ильяс Жансүгіровтің жарияланымдарының арқасында айтыстың мазмұны туралы толық түсінік бар. Екі ақын да өз халқының ұлдары еді. Бірінші кезекте олар өз жағының жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, байлығын, өзгеден басым екенін тілге тиек етеді. Бір-бірін аяусыз сөз сойылдарымен соғып, үдете «шабуылдап», жоғарғы көркемдік деңгейдегі сөз сайысын көрсетеді. Бұл сайыста Сүйінбай сөзсіз жеңіске жетеді. Жиналған бек-манаптар, Орман хан мен Қара Бәйтік бастаған бүкіл қырғыз қазақ ақынының жеңісін мойындауға мәжбүр болған. Сүйінбайдың соңғы сөзінен кейін олар аттарынан түсіп, тілінен бал тамған қазақ ақынына тарту етеді.


Менің пікірімше, режиссер Мұрат АХМАНОВ шығармашылық тұрғыда өте шебер келе білген. Соның арқасында сөз сайысының нақты көріністері көп мағынаға ие болған. Мәселен, «сиам егіздерін» өте қызықты ойластырған - бір-біріне арқаларын беріп, шынтақтарымен байланған қазақ пен қырғыз үнемі дауласады, бір-бірін түртіп, «нанай балалары» секілді әзілдеседі. Қойылымның соңында оларға найзағай түсіп, олар бір-бірінен ажырайды... 


Тағы бір ұтымды қойылымдық шешім - декорация ретінде ақ кенеп тартылған үлкен шеңберді қолдануы. Көмескі жарық түскен кезде ол бірде көлге, бірде көкке, бірде күнге, бірде алқызыл шапаққа айналады. Ал қойылым соңында қазақта ақырзаманның белгісі ретінде - жерге түсіп келе жатқан аспан әсер қалдырады. Екі халық та бірігіп, күш жинап, аспанды орнына «қоюға» мәжбүр болады... Мықты қойылым.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген автор

24 мамыр 2017, 16:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.