Осы жылы атыраулықтар пәтер алу кезегінің реттік санын ресми сайттардың бірінде көре алатын болады. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Ділмұхамбет БАРБОСЫНОВ мәлім етті.
Сондай-ақ, таяу арада тұрғындарға қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пәтер кезегіне қатысты ақпаратты білуге де мүмкіндік туады. Ал әзірге мұндай мүмкіншілік Сәтбаев көшесі, №20 үйде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығының «бір терезесінде» ғана бар. Одан бөлек, пәтер кезегінің реттік санын білу үшін халық бұл жерге тек алты айдан кейін ғана келе алады. Бірнеше айдан бері талап сондай.
Бүгінгі күні пәтер кезегінде түрлі санат бойынша арызданған 9 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Бұл сан күн санап артуда.
Ресми өкіл Д.Барбосынов пәтер кезегінің жария түрде халыққа жеткізілуіне қатысты сауалымызға орай, қазіргі кезде бұл мәселенің әділет департаментімен бірлесе отырып, арнайы порталдың жобасы қаралып жатқанын айтып өтті.
Ал қалалық әкімдіктің баспасөз өкілі Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА пәтер кезегін жариялау мәселесі қазір жасақталу үстінде екендігін айтады. Қашан жарияланатыны нақты белгісіз. Біздің қала әкімінің сайтында пәтерлер кезегін гиперсілтеме арқылы неге жарияламасқа деген сауалымызға Н.Қайсағалиева дәл бүгінгі күні бұл нұсқаның да қарастырылып жатқанын сөз етті.
Айта кететін жай, пәтер кезегін жариялауға кедергі болып отырған мәселелердің бірі - 2003-2004 жылдардағы ипотекалық үй алуға арыз берген кісілердің тізімі. Қалалық әкімдік тарапынан ипотекалық пәтер беру бағдарламасы әуелде тоқтатылғандықтан, бұл тізімді жаңартып, тұрғындарға қайтадан арыздану қажеттігін түсіндірді баспасөз өкілі.
- Қала әкімі осы пәтерлер кезегінің тізімін реттеу бағдарламасы біткен соң, тізімді кез-келген сайтқа жариялауға береміз деп отыр. Қалай болғанда да нақты қашан дайын болатыны және қай айда жария етілетіні белгісіз. Бір белгілісі, осы жылдың аяғына дейін анық шығып болады, - деді ол.
Айнұр САПАРОВА