Атырау, 24 қараша 02:29
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бөгет салуға әлі де кеш емес

1 999 просмотра

Кеше Атырауға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік АХМЕТОВ министрлер және олардың орынбасарларынан құралған делегациямен ұшып келді. Іс-сапардың ресми бөлігі 1 наурыздан басталды. Қонақтар алдын-ала жоспарланған 6 нысанның  үшеуінде ғана болды: Авангард-2 мөлтек ауданындағы термомодернизациядан өткен үйде, облыстық балалар ауруханасы ауданындағы өзен жағалауында, «АтырауНефтеМаш» зауытының аумағында орналасқан  «Flowserve» ЖШС сервистік орталығында. Бұл іс-сапар облыстық әкімдікте өткен қорытынды мәжіліспен аяқталды.

ТЕРМОМОДЕРНИЗАЦИЯНЫ ОЙЛАП ТАПҚАН СІЗДЕР МЕ? 

Тете-премьер мұның алдында ғана жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болып, сапар барысында Жаңаөзенге де соқты. Онда ол жұмыстан шығып қалған мұнайшылардың несие бойынша айыппұлдары мен өсімдерін қайта қарауды уәде етті.

Атырауда делегация өз жұмыстарын ертелетіп,  Авангард мөлтек ауданындағы №11 үйден бастады. Бірінші болып нысанға қала әкімі Асқар КЕРІМОВ және облыстық ТКШ басқармасының бастығы Бауыржан Жайсанов келді. Жарты сағат уақыт өткеннен кейін сағат 9-ға таман үйден тек бірнеше тұрғын ғана шықты. Үй айналасында кездесуден соң  тете-премьерге термомодернизация үшін алғыс айтқан екі әйелден басқа ешкімнің қарасы көрінбеді. Қолында қоқыс шелегі бар бір әжей еденкемерді дұрыс орнатпаған құрылысшыларға ұрысып бара жатты. Артынша облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ келді. Спорттық күртеше киген облыс әкімін үй маңына жиналған адамдар бастапқыда танымай қалды. Ол өзінің қол астындағылардан алыстау барып тұрды. Ол сол орнынан Серік Ахметов келген кезде ғана қозғалды. Оны ол ақпараттық стенді ілінген подъезге қарай алып жүрді. Стендпен қала әкімі Асқар Керімов таныстырды.

Тете-премьер подъезді аралауға ниет білдірді, бірақ, кіреберіс алаңнан жоғары қарай көтеріле қойған жоқ. «Әнуар» ПИК төрайымы Людмила ШАРОВАТОВА оған өз учаскесіндегі термомодернизация бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан қарқынды қадамдар туралы хабарлады:

-Мен бұл бағдарламаны сіз ойлап тапты деп естідім. Сізге үлкен рақмет!,- деп мәлімдеді ол.

-  Ол не дегеніңіз (Ахметов қысылып қалды)?! Бұл президенттің тапсырмасы бойынша жасақталған үкіметтік бағдарлама. Ол біздің тұрғын үй қорының қандай жағдайда екендігін жақсы біледі. Қазір бағдарлама толықтырылып жатыр. Алға қарай оған өзгерістер де енгізілетін болады. Бұл кең ауқымды бағдарлама, оны қаржыландыру арттырылып, механизм жетілдірілетін болады. Біз аймақтарға барынша дербестік беретін боламыз. Қандай жұмыстар жасалуы керек – қасбетті жөндеу немесе жертөлені күрделі жөндеуден өткізу керек пе, оны тұрғындардың өздері шешетін болады.

Шароватова: - Бұл үйдің салынғанына 40 жыл уақыт болған, ол осы аудандағы ең бірінші үй, ал, қазір оны танымай қалдық.

 

2,5 МИЛЛИАРД ЖЕЛГЕ ҰШПАСЫН

Үйді аралап болғаннан соң, делегация облыстық балалар ауруханасы ауданына қарай бет алды. Олар бекіту жұмыстары жүргізілген жағалауды қарап шықты. Сол жерде облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ пен Бергей Рысқалиев премьердің орынбасарына болады деп күтіліп отырған су тасқынына қатысты мәселелерді баяндады. Атап айтқанда, 1967-1994 жылдары салынған бөгеттер тиісті қорғау шараларын қамтамасыз ете алмайды. Жұмысты алдын-ала бағалау барысында 130 шақырымдай  бөгеттерді қайта қалпына келтіру қажеттілігі анықталды. Ол үшін әкімдік республикалық бюджеттен 2-2,5 млрд. теңге бөлуді сұрап отыр.

Рысқалиев Жайық бойындағы ең қауіпті учаскелер деп Индер, Махамбет және Атырауды атады. 

- Бұл жерлерде тұратын халық саны қанша? – деп сұрады Ахметов.

- 350 мың халық бар, - деп жауап берді әкім. 

Тете-премьерге атыраулық биліктің республикалық бюджеттен осындай үлкен қаржыны бөлу жөніндегі ұсынысы ұнамай қалғандай әсер туғызды. Ол бүгінгі күні мүмкін болады деп отырған су тасқынының алдын-алу үшін қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатқандығына баса назар аударды.

- Біз бұған кәсіпорындарды, мердігер ұйымдарды тартып, жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, - деп жауап берді Рысқалиев. 

- Жұмыстаныңыздар, қолдан келгеннің бәрін ұйымдастыра біліңіздер, - деп тете-премьер қатаң ескертті.

 

СОРҒЫЛАР ІСТЕН ШЫҒАТЫН ЕМЕС...

Одан әрі делегация «АтырауНефтеМаш» зауытын және қаланың шеткі аудандарының біріндегі сорғы құрал-жабдықтарын жөндеу жөніндегі «Флоусерв» сервистік орталығында болды. Бірінші кәсіпорын бұрынғы облыс әкімі, қазіргі танымал кәсіпкер Сағат Түгелбаевтың меншігі тұрақты жұмыс жасап тұрса,  өткен жылы президенттің Атырауға келген сапарында тұсауы кесілген екінші кәсіпорны тапсырыстар бойынша қиындықтарды басынан өткізуде. Күздің өзінде-ақ, орталық басшылары Аджип ККО, ТШО және басқа да мұнай компанияларымен арадағы келісім-шарттар жасау жөніндегі мәселені шешіп жатқандарын мәлімдеген еді. Бірақ, әлі күнге дейін зауыт қуаттылығы толық қамтылмай отыр.  Зауыт басшылығының айтуынша, зауыт базасында ТШО және ҚазТрансОйл, КТК кәсіпорындарында қолданылатын еуропалық және ресейлік газ турбинасы қондырғыларының барлық түріне жөндеу жүргізуге болады екен.

Нысандарды аралағаннан кейін облыстық әкімдікте мәжіліс болды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

7 наурыз 2012, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.