Атырау, 24 қараша 02:55
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Басыңызға қар құласа – ПИК жауап бермейді

2 546 просмотра

Абай көшесі, 6-үй мекен-жайындағы бес қабатты үйдің шатырынан опырылып түскен қар үйіндісі темір күнқағарды майыстырып,  «Travelux» туристік компаниясының неонды маңдайшасын жұлып кетті. Бағына қарай, ешкім де зардап шеккен жоқ. Күннің күрт жылынғанын ескерсек, қар үйіндісі мен сүңгілердің құлауы өзекті мәселеге айналмақ.

Біз қаладағы коммуналдық қызметке хабарласып, осы проблемаға алаңдаушылық білдіріп отырған қызметкерлер бар ма? Шатырдағы қарды кімтазартуы тиіс? Зиянды кім өтейді?  - деген сұрақтардың жауабын білгіміз келді.

– Мұның түнде орын алғаны жақсы болды, – дейді «Travelux» директорының орынбасары Ольга ТАРАБРИНА. – Құдай сақтап, күндіз болмады. Әйтпесе, бізге адамдар келеді ғой. Таңертең жұмысқа келген кезде сынған күнқағар мен жымырайып қалған неон маңдайшаны көрдік. Ал шатыр төбесінен үлкен күртік қар салбырап тұрды. Біз ПИК-ке, ТЖ қызметіне және қалалық әкімдікке қоңырау шала бастадық. ПИК-тегілер тіпті құлақ та аспады. ТЖ қызметінен тек екінші рет қоңырау шалғанда ғана келді. Тұрғын үй-коммуналдық бөлім бастығына соққанда, қабылдау бөлмесін-дегілер сәрсенбі күні қабылдауға келіңіздер - деді.

Бірақ бұл жағдайда бізді ПИК-тің ұстанымы таң қалдырып отыр. Біз айына 56 мың теңге төлеп отырмыз. Сонда олар ештеңеге де жауап бермейтін болғаны ғой. Бір неон маңдайшаның өзі жарты миллион теңге тұрады. Зиянды кім өтейді?

«Кенже» ПИК-інің төрайымы Роза ЖЕКСЕНҒАЛИЕВА ПИК шатырдағы қарды күреуге тиіс емес, өйткені ол пайдалану шығындарының тарифіне кірмейді деп растайды.

–Бұған компанияның өзі кінәлі, олардың күнқағарында ылди жоқ. Олар ешқашан ол жердегі қарды күреген емес, оның ауырлығын гипсокартон конструкция көтере алмай, сынып қалған.  

– Ал үйдің шатырында қар жоқ па?

– Бар, кейде өзі түседі.

– Шатырдағы қарды кім тазалауы тиіс?

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ТЖ қызметіне өтінім беруі тиіс. Шатыр үшін біз жауап бермейміз. Оның үстіне ПИК-те дәнекерлеу аппаратынан басқа ештеңе жоқ.

– Ал егер сіз қардың қауіп төндіріп түсейін деп тұрғанын көрсеңіз, бұл туралы ТЖ-ға хабардар ете алмайсыз ба?

– Біз ТЖ-ға ПИК Қауымдастығы арқылы өтінім беріп қойдық.

Кейін анықтасақ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВ Төтенше жағдайлар қызметіне ПИК төрағаларының берген өтінімі туралы ештеңе естімеген боп шықты:

– Мен бұл туралы бірінші рет естіп отырмын, содан кейін бұл – ПИК өтінімдерін ТЖ-ға беру біздің қызметіміз емес. Нақты сұрақтарға келер болсақ, ПИК шатырдан қарды тазалауға тиіс емес. Өйткені бұл жұмыстар тарифке енгізілмеген. Оның үстіне қазір шатырға шығатын мүмкіндік болмай тұр. Ал төрт ылдилы жабын өте тайғанақ және қоршалған таянышы жоқ. Арнайы техникасыз болмайды. Көпшілігі альпинистерді шақыру керек дейді, бұған да шығындар керек қой. Бәлкім, адамдардың өздеріне сақ болып, тұрғын үйлерге жақын жүрмей, ол жерлерге көліктерін қоймау керек шығар.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент құтқарушыларының айтуынша, Абай көшесі, 6-үйдің шатырындағы қар шынымен де адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған. Оны тазалау үшін өрт сөндіру бөлімінің автобаспалдағын пайдалануға тура келген. «ПИК техниканың жоқтығына сілтеп, қарды тазаламай отыр. Ал біз оларға автобаспалдақ ұсынған кезде ПИК өкілі қарды тазалаудан үзілді-кесілді бас тартты», - делінген ТЖД өкілдерінің актісінде.

«Коррадо» заң қызметінің жетекшісі Татьяна ВРАНЧЕВА:

– Осы оқиға үшін, әрине, ПИК жауап береді. Егер адам үйдің алдында тайып кетіп, құлап қалса, оған да подъезд алдындағы мұзды немесе қарды уақытында тазаламағаны үшін ПИК жауап беруі тиіс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

1 наурыз 2012, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.