Біздің редакциямызға («ЖС», №5, 2 ақпан, 2012 жыл), «Маған ана боласың ба?») атты мақаладан кейін бала асырап алғысы келетін оқырмандарымыздан көптеген қоңыраулар келіп түсті.
Бала асырап алу туралы шешімге келген жандар бірінші кезекте қалалық білім бөлімініңқорғаншы-қамқоршы органдарына жолығулары тиіс.
Қалалық білім бөлімінің бастығы Фаруза ШАҢГЕРЕЕВАНЫҢхабарлағанындай, бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы сотта қаралады.
- Бала асырап алу туралы істерді сот азаматтық іс-жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс-жүргізу тәртібімен жүргізеді, - дейді Фаруза Ғарифоллақызы. - Балаларды асырап алу туралы істерді сот қорғаншы-қамқоршы органдардың қатысуымен қарайды. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдар Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 78-бабы, 2-тармағына сәйкес, жергілікті органда есепке алынады.
Бала асырап алғысы келген адамдарға қойылатын ең басты талаптар мыналар: бала асырап алғысы келген адамның атағында баспанасы (үйі немесе пәтері), тұрақты жұмысы және алатын еңбекақысы баланы асырап-бағуға жеткілікті болуға тиісті.
Бала асырап алуға жинақталатын қажетті құжаттар:
1. Асырап алушылардың жеке куәлік көшірмелері;
2. Неке қию куәлігінің көшірмесі;
3. Сотталмағандығы туралы анықтамалары;
4. ІІБ-нің мінездемесі;
5. Денсаулығы туралы медициналық қорытынды;
6. Жұмыс орнынан анықтама;
7. Жұмыс орнынан мінездеме;
8. Бір жылдық еңбекақысы туралы анықтамалары;
9. Өмірбаяндары;
10. Тұрғылықты жерінен анықтама;
11. Үй (пәтер) құжаттары (меншік иесі туралы, үй кітапшасы, акт, келісім-шарты, техникалық төлқұжаты);
12. Асырап алынатын баланың туу туралы куәлігі;
13. Баладан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған қолхат;
14. Баланың денсаулығы туралы қорытынды анықтама;
15. Қорғаншы-қамқоршы органының тұрмыстық үй жағдайын зерттеу актісі мен қорытындысы;
16. Бала асырап алу туралы сотқа талап арыз.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА