22 ақпанда Жайық-Каспий экология департаментіне Сырым Датов көшесіндегі №27 үйдің тұрғыны Мақпал ДОСҚАЛИЕВАДАН телефон қоңырауы түсті.
- Кеше көшеде шіріген жұмыртқаның иісі пайда болды және түнімен ол иіс кетпеді. Біз теміржол бөлімшесіне қарама-қарсы тұрамыз және ондай иістер жаз айларында жиі болып тұрады. Биылғы қыста бұл иіс алғаш рет білінді. Кештен бастап менің басым ауырды, үйдегілер болса, түнімен көз ілмеді. Ауаның сапасын тексеріп көріңіз-дерші және кінәлілерге шара алсаңыздар екен. Менің ойымша бұл АМӨЗ-нан шыққан сияқты.
Кезекші эколог өздеріне хабарласқан әйелдің әңгімесін мұқият хаттамаға тіркеп, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Қабижан ҚАПАНОВҚА жолдады.Алдымен эколог сағат 11.30-да департаменттің зертхана бастығы Жолдасқали ТЕЛАҒЫСОВТЫ және зертхана қызметкері Баубек АЛДАШЕВТІ мұнай өңдеу зауыты маңындағы ауаның жағдайын зерттеп, тексеруге жіберген. Экологтар алдымен Мақпал апайға соғып кеткен.
-Бүгін менің күкіртсутегінің иісінен басым қатты ауырып отыр. Бұл иіс маған таныс – бұрын біз Астраханда тұрдық, онда осыған ұқсас иістер жиі шығып тұратын. Жазда АМӨЗ тіпті, демалуға мүмкіндік бермеді. Аптасына екі рет қалай-солай лас заттарды шығарып отырады. Назар аударыңыздаршы, қазір жел зауыт жақтан соғып тұр.
Лаборанттар газанализаторлардың көме-гімен Мақпал апайдың үйінің маңындағы ауа сапасын тексерді.СО (көміртек тотығы) – 0,32 мг/м3, СН (көмірсутегі) – 0,05 мг/м3, SO2 (күкірт қос тотығы) – 0 ррм, NО2 (азот қос тотығы) – 0,7 ррм, Н2S (күкіртсутегі) – 0 ррм. Концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кетуі анықталған жоқ.
Ауаны тексерудің келесі нүктесі үшін АМӨЗ жақтан соққан жел бойынша Химпоселкедегі көшелердің бірінің ауасы таңдап алынды. Тағы да ештеңе табылмады. Тергеу изоляторына баратын жол жағындағы АМӨЗ қақпасы маңынан да сынама алынды, тағы да ештеңе табылмады. Мен Ж.Телағысовтан: сіздің құралыңыз дұрыс жұмыс жасап тұр ма деп сұрадым? Ол: «Дұрыс жұмыс жасап тұр, алайда, 5 градус аяздан төмен температура барысында ауа сапасын тексеруге болмайды, өйткені, құрал істен шығып қалуы мүмкін. Сондықтан да біз аязды күндері әдетте өлшеу жүргізбейміз».
Мақпал апа оған риза болмай қалды. Ж.Телағысов оны барынша жұбатуға тырысты: «Сіздің шағымыңыз бойынша сіздің атыңызға атмосфералық ауаның сапасы жөнінде есеп жазбаша күйде мекен-жайыңызға келетін болады. Және біз «Қазгидромет» РМК, «Аджип ККО» және осы ауданда орналасқан АМӨЗ-ның бақылау стансаларының көрсеткіштерін тексеретін боламыз».
24 ақпанда Қ.Қапанов «АЖ» газетіне осы жүргізілген рейдтің нақты қорытындыларын хабарлады:
-“Атырау гидрометеорология орталығы” КМК мәліметтері бойынша атмосфералық ауа мониторингі стансасы, атап айтқанда, АМӨЗ-ның 4 стансасы, «Аджип ККО» 14 стансасы және «Қазгидромет» РМК-ның 2 стансасы бойынша жоғары деңгейдегі ластану және төтенше жоғары деңгейдегі ластану белгілері анықталмады.
Жалпы жағымсыз, шірік иістерге сенбеңіз және ертеңгісін ұйқыдан тұрғанда басыңыз сынып ауырса да мән бермеңіз, өйткені, стансалар біздегі ауаның тура Кисловодскідегідей екендігін көрсетіп тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ