Атырау, 24 қараша 02:40
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Соққыдан соң

2 063 просмотра

Индерборлық Дәметкен ТӨЛЕБАЕВА көлік апатынан кейін бес айдан бері төсекке таңылып қалды

2011 жылғы 25 қыркүйек күні ерлі-зайыптылар Дәметкен мен Ордабек, ұлдары Жамбыл және жиені Мақсот пен оның жұбайы Ғалия көлік апатына ұшыраған еді. Индер аудандық ауруханасының қасында болған көлік апатының салдарынан зардап шеккен 5 адам бірден ауруханаға жеткізіледі.

Белгілі болғандай, олардың көлігіне (жүргізуші Дәметкеннің ұлы Жамбыл АСАНОВ -  Л. Қ.) қарсы беттегі жүргізушінің автокөлігі келіп соққан.

- Сол күнгі оқиға әлі көз алдымда. Біздің машинамыз қанша жерден қашқанымен, қарсы беттегі автокөлік иесі рөлге ие бола алмай, тура көлігіміздің үстіне шығып кетті. Бізге  жүргізуші мас болып  көрінді. Бірақ, неге екені белгісіз, медициналық сараптама бойынша оның мастығы дәлелденбеді,-дейді Дәметкен ТӨЛЕБАЕВА (суретте).      

Осы оқиғадан жарақат алған адамдарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенімен,  Дәметкен апай әлі төсектен тұра алмай отыр. Бұрынғы құрылысшы, бүгінде алтын алқа иегері, зейнеткер Дәметкен Төлебаева:

- Оташы Қаршыға Сапиевөткен жылдың  қараша айында келіп, аяғымдағы гипсті алып кеткеннен кейін келген жоқ. Арнайы шақыртуыма да келмеді.

Балаларым жұмыссыз.  Бар дәріні өзімнің мардымсыз зейнетақыма сатып алып отырмын. Аяғымнан тұрып кетсем деп армандаймын, жасым жетпістің үстіне жаңа шықты. Сол апаттың салдарынан сұқ саусағым салбырап қалып, бір қолымның саусақтары істемейді. Қашанғы бұлайша төсекте  жатамын, сондықтан өз талабымды білдіргім  келеді,-дейді бізбен әңгімесінде.

Азаматша Д. Төлебаеваның аудандық прокуратураға берген шағымы бойынша, Индер аудандық ауруханасында қызметтік талдау жасалынып, онда мына жайттар анықталған. Мәселен, оқиға болғаннан кейін екі жүргізушіге психикалық белсенді затты пайдалану және мастығын дәлелдеу үшін медициналық сараптама жасалынып, нәтижесінде жүргізушінің бірінің мастығы дәлелденбеген.

- Жүргізушінің анасы дәрігер болғанымен, медициналық сараптамаға қатыстырылған жоқ, ал зардап шегушілерге дер кезінде көмек көрсетілді.

 Д. Төлебаеваның аяғының жарақатына байланысты оның аяғына сыртқы қаңқалы тарттыру аппараты салынған болатын. Науқас үйге шығарылған уақытта тарттыру аппараты алынып, циркулярды гипс қолданылды. Науқастарды үй жағдайында қарау аурухананың  хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қ. Сапиевтің функционалдық міндетіне жатпайды. Кейін Төлебаеваның талабы бойынша сырқаттың гипс таңғышы алынды.  Қосымша ем тағайындалғанымен, науқастың өзі қазақ еміне қаралуына байланысты одан бас тартып отыр ,- дейдіаурухананың бас дәрігері Анар ДОСПАЕВА.

Жәбірленуші тараптың бірі - Д. Төлебаеваның баласы, жүргізуші Жамбыл Асанов зардап шектірушіден ақша алғандығын айтады. Ол  2011 жылдың 6 қазанында нотариалды келісіммен жүргізушіден 270000 мың теңгені алған.  Талқаны шыққан машинасының орнына жаңа автокөлік сатып та алыпты. Машинаның құны өтелді дегенімен, анасының төсекте жатып қалғанына алаңдайтынын жасырмайды.

-Қолхатта жәбірленуші тараптан ешқандай кінә қойылмайтыны атап көрсетілген ғой. Оны өз қолыңмен жазып та беріп отырсың?

-Білемін, менің талабым жоқ, анам да, туыстарым да солай деген. Бірақ аяғынан тұра алмаған анама зардап шектіруші жақ қаржылай көмектеспей отыр,-дейді Ж. Асанов.

Бізге аудандық ІІБ -нің бөлім бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛИННІҢ мәлімдеуінше, арызданушылардың бір-біріне түсіну-шілікпен қарап, қолхат берулеріне байланысты қылмыстық іс қозғалмаған. Қазір аудандық прокуратура Төлебаеваның арызына байланысты қайта тергеуді қолға алған.

Мақаланы дайындау барысында жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізушімен жолығуға тырыстық, бірақ оның ауылда болмауына байланысты бұл мүмкін болмады. Енді аудандық прокуратураның тергеу қорытындысын күтуге тура келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 ақпан 2012, 19:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.