Астана – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы «фирмалық» санатына ие болды.
«Каспий» пойызына санат беру жөніндегі аттестатқа ҚР көлік және коммуникация министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ қол қойды.
Естеріңізде болса, «Каспий» тіке пойызы алғаш рет Атыраудан Астанаға 2011 жылдың 31 мамырында аттанған еді. Ал, бұған дейін атыраулықтар астанаға ақтөбелік пойызға тіркелетін вагондар арқылы баратын. Бұл біраз қиындықтар тудыратын еді.
Енді «Каспий» фирмалық пойызы 12 купелік, 8 плацкарт және вагон штабы үшін 2 купелік, сондай-ақ, мүгедектерге арналған арнаулы орындардан жасақталған. Вагондар GPRS навигациялық, спутниктік байланыстармен, биоәжетханалармен жарақтандырылған. Жолаушылар тоңазытқыштарды және қысқа толқынды пештерді қолданып, фильмдер көре алады.
Қазір «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматы – Атырау және Алматы – Ақтөбе бағыттары бойынша фирмалық пойыздар паркін толықтыру мәселесін қарастыруда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА