Атырау, 2 қараша 19:08
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Әшекейлер әлегі

5 900 просмотра

Көрмедегі ұрлық ашылды, алайда, бағалы бұйымдардың иелері заттай айғақтардың жоғалуына полицейлерді кінәлап отыр.

«Мұнайшы» спорт кешеніндегі Ресей және Еуропа елдерінен әкелінген зергерлік бұйымдар, киім-кешек, парфюмерия және басқа да тауарлардың халықаралық көрмесінде орын алған ұрлықты ашуға қатысты Атырау облысы ІІД-де болған брифинг жанжалмен аяқталды.

 

Бұл кімнің жүзігі?!

Жалпы сомасы шамамен 450 мың доллар болатын бағалы бұйымдар 16 ақпанға қараған түні ұрланды. Біреуі осы көрмеде күзетші болып жұмыс жасаған екі күдікті 16 ақпан күні ұсталды.

ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхтар БЕКТҰРҒАНОВ(суретте) брифингте ұсталғандардың бірінің пәтерінің балконынан 1 600 зергерлік әшекейлер салынған жол сөмкесі табылғанын, сондай-ақ, парфюмерия және әжетхана бұйымдарының да шыққанын хабарлады. Бұдан басқа, ұрланған әшекей бұйымдардың бір бөлігін полицейлер  тонаушының бір танысынан және қалалық ломбардтардың бірінен тәркілеген.

Бүгінгі күні ұсталғандар уақытша қамау изоляторына орналастырылды және ҚР ҚК 175-ші «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мұхтар Бектұрғановтың айтуынша, күдіктілердің айғақтары негізінде ломбардтан алынған бір жүзікті зергерлік фирма өкілдерінің бірде-біреуі танымаған. Бұдан басқа жәбірленушілер әлі күнге дейін полицияға өз шағымдарын, ұрланған бұйымдардың тізімін және әшекей бұйымдардың шығуын  растайтын сертификаттарды ұсына қойған жоқ.

Облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ былай деп мәлімдеді: «Зергерлердің бұл әрекеті олардың бұйымдары әлдебір елдерден, айталық  Таиландта металл сынықтары ретінде сатып алынған бұйымдар емес пе деген ойға қалдырады».

 

Лағыл тасты сырға қайда?!

Алайда, брифингке қатысқан көрме ұйымдастырушыларының бірі, өзін «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының кеңесшісі деп таныстырған Шыңғыс ЖАҒЫПАРОВ (суретте) полицейлер үстінен шағым айта бастады. Оның айтуынша бір ғана «JV» фирмасының өзі 97 мың доллар болатын бұйымдарынан айырылып қалған, ал, оларға тек 12 мың доллардың тауарын ғана қайтарды. «Кәсіпкер  КОЛДУНОВА  тәркіленген зергерлік бұйымдарды қарау барысында өзінің лағыл тасты алтын екі сырғасын көргенімен, полиция оларды оған қайтарып бермеген. Бұған ұқсас басқа да факілер бар. Астанаға оралған соң мен бұның бәрін Бас прокурорға және ІІМ басшылығына айтпақшымын». Дегенмен, ІІД ресми емес ақпарат көздерінен бізге шенді күдіктілер тобының барынша көп екендігі белгілі болды. Қымбат бұйымдар ұрлығын ашуға қатысты барлық полицейлер саны 50 адам. Заттай айғақтарды тану және гауһар тастарды тәркілеу барысында учаскелік инспектордан бастап, арнайы жасақ, бірнеше жоғары шенді полицейлер қатысты. Полицейлер қызметтік тергеудің басталғандығына наразы.

 

«Қысқасы, біз  «Нұр Отаннанбыз»

Көрменің ресми ұйымдастырушысы «A.C. Business Capital Astana» ЖШС екендігі белгілі. Құпия ақпарат көздері бұл фирманы «Нұр Отаннан» әлдебіреудің айналдырып отырғандығын мәлімдейді. Сондықтан да көрмені ұйымдастырушылар жалға берушілермен және басқа да ұйымдармен арадағы байланыс барысында осы партия атынан жұмыс жасайтындарын атап өткен. Жоғарыда аталған Шыңғыс Жағыпаров та біз анықтағандай, шынында да «Жас Отан» жастар қанатында кеңесші лауазымын атқарады екен. Атырау облысы бойынша «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысы Мейірім ҚАЛАУИ жастар ұйымының көрмеге еш қатысының  жоқ екендігіне сендіреді. «Шыңғыс Жағыпаров шын мәнінде Астанадағы «Жас Отан» ұйымында хатшының кеңесшісі болып жұмыс жасайды, алайда, ол  Атыраудағы көрмеге қатысты тек кәсіпкер ретінде ғана сөз алды».

 

Шайтан азғырды

Брифингке қайта оралайық. Ш.Жағыпаров «Мұнайшы» спорт кешенінің де басшылығын сынға алды: «Біздің көрмелеріміз Қазақстанның көптеген қалаларында болды. Біз барлық жерде қаруланған күзетті жалдап отырдық. Спорт кешенінің директоры Жексенбай ҚҰСАЙЫНОВ бізге күзету үшін стадион күзетшілерінің жеткілікті екендігін айтты.  Біз болсақ оған сеніп қалдық, енді келіп ол бізден жасырынып жүр!».  Келісім-шарт бойынша көрмені ұйымдастырушылар теннис залын жалға алғаны үшін «Мұнайшы» СК-не 1 млн теңге аударуы тиіс болатын. Ж.Құсайыновтың айтуынша, келісім-шарт жасалу барысында көрмені күзету мәселесі қарастырылмаған. «Қаңтар айында маған көрмені ұйымдастырушылар келіп, өздерін «Нұр Отан» өкілдеріміз деп таныстырды. Мен оларға спорттық шаралардан басқа барлық шаралар қалалық спорт бөлімінің рұқсатымен жүргізілуі тиіс екендігін айттым. Олар кейін қалалық спорт бөлімінің ұсыным хатымен келді, мен оған келісім бердім».

Маған бұл жерде қымбат әшекей бұйымдарының көрмеге қойылатындығын ешкім айтқан жоқ, ұйымдастырушылармен арадағы әңгіме тек ғимаратты жалға беру жөнінде ғана болды. Қарулы күзет жөнінде бір ауыз сөз айтылған жоқ. Мұндай жағдайларда полиция бізге күзет қызметін тегін көрсетеді. Өткен жылы үндістер көрмесі болған кезде біз облыстық ІІД-не хат жолдадық, олар бізге қарулы күзетті ұйымдастырып берді. Ұрлық болғанға дейін көрме үш күн жұмыс жасады, ұйымдастырушылар терезелерде торлардың жоқ екендігін, бейнебақылау камерасының орнатылмағандығын, дабылдатқыштың жоқ екендігін көре тұра еш шағымданбады».

Шынында да спорт кешенінің күзетшілерінен алтындарды күзету үшін қарулы күзетті жалдаулары тиіс еді.

 

Бұлар қайдан келген алтындар?

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА  әңгімелейді:«Тергеушінің кабинетінде тәркіленген заттай айғақтарды тану және қарау кезінде зергерлік бұйым иелері ешқандай шағым-арыз берген жоқ. Алайда, екі күннен соң азаматша Колдуновадан жауап алынған кезде, ол тергеуші қайтарған зергерлік бұйымдар ішінде құны 1,8 мың доллар тұратын екі сырғасының жоқ екендігін мәлімдейді. Артынша ол журналистерге берген сұхбатында сырғаларының жоғалуына полицейлерді кінәлады. Бірақ, ол бұл туралы құқық қорғау органдарына  арыз жазған жоқ. Бүгінгі күні жәбірленушілердің бірде-біреуі «Акцент» ломбардынан тәркіленген жүзікті өздерінікі екендігін мойындамай отыр. Бұл жүзікті ломбардқа күдіктілердің бірі тапсырған. Жәбірленушілер өз заттарының қаншасы, қайсысы  ұрланғандығын анық білмейді. Жәбірленушілер тарапынан күні бүгінге дейін зергерлік бұйымдардың бар екендігін және нақты тізімін, бұйымның қайдан шыққандығын, құнын растайтын құжаттардың бірде-біреуі ұсынылған жоқ. Барлық құжаттарды олар үйлеріне барған соң жолдайтындықтарына уәде етіп отыр. Алайда, зергерлік бұйымдарды растайтын құжаттар өздерімен бірге болуы тиісті емес пе?! Осыған байланысты ұрлық салдарынан келтірілген нақты шығынды анықтау мүмкін болмай отыр. Ұйымдастырушылар теннис ойынына арналған залда дабылдатқыштардың, бейне бақылау камераларының  және терезелерде торлардың жоқ екендігін білді. Бұдан басқа, олар көрменің ұйымдастырылуы жөнінде ішкі істер органдарын хабардар еткен жоқ».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 ақпан 2012, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.