Қоршаған ортаны аурухана мен қаланың тазалығына жауапты кәсіпорындар бүлдіреді
Бұл туралы «АЖ» газетіне Атырау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Қайырбай ҚЫСТАУБАЕВ хабарлады. Атап айтқанда, көптеген күл-қоқыс АМӨЗ айналасынан табылған. Осыған байланысты Жайық-Каспий экология департаменті кәсіпорынға қатысты шаралар қабылдау туралы ұйғарым жолдады.
Бұдан басқа, прокуратура Атырауда медициналық қалдықтардың тиісті жағдайда өңделмейтіндігін анықтады. Атап айтқанда, мұндай жағдайлар облыстық туберкулезге қарсы ауруханада, Дамбы және Еркінқала селолық дәрігерлік амбулаторияларында орын алған.
Прокуратураның мәліметтері бойынша «Арнаулы автобаза» КМК-ның өзі өңдеу ісіне ыждағатсыз қарап отырған көрінеді, олар көшелерден жинаған ағын суларды тиісінше қала сыртына емес, қала аумағына төгуде.
Қайырбай Қыстаубаевтың айтуынша, өткен жылы прокуратура табиғат қорғау заңнамаларын бұзған 66 фактіні анықтап, оларды жою бойынша 13 ұйғарым шығарды, 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа талап арыздар берілгеннен кейін мемлекет қазынасына 2 млн теңгеден аса қаржы өндіріліп алынды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА