Атырау, 12 желтоқсан 20:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Ауру сатып алмаңыз!

2 759 просмотра

Таяуда ғана премьер қол қойған жаңа санитарлық ережелер мен нормалар бойынша жарамдылық мерзімі бір күннен асқан  азық-түлік жойылуы тиіс.

«Жеке кәсіпкерлік туралы» заң тексеруші органдар тарапынан бизнес субектілерін тексеру санының барған сайын азайып отырғандығын қарастырады. Былайша айтқанда, Атырауда сауда желілеріндегі сапасыз және мерзімі өтіп кеткен  азық-түліктерге деген шағымдар саны артып барады.

Сатып алған соң ғана шағымданасыз

Қалалық санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, 2009 жылы сапасыз азық-түлік сатылғаны үшін 8 шағым тіркелсе, 2010 жылы ондай шағымдар саны 34-ке жетті, ал, 2011 жылы ол - 46 болды. Абырой болғанда олардың барлығында да адамдардың улану фактілері орын алған жоқ.

- Қазіргі ережелер бойынша азық-түлік дүкендері жылына бір рет, ал, қоғамдық тамақтандыру орындары тоқсанға бір рет тексеріледі, - дейді Т.Мусағалиев. – Тексеру алдында біз оны прокуратураға тіркетіп алуымыз керек, ал, кәсіпкерге хабарлама тексеруден бір ай бұрын жолданады. Атыраулық кәсіпкерлер өткен жылы алдын-ала осынша уақыт хабардар болса да санитарлық ережелер мен нормалардың  бұзылуына 13 рет жол берді.

Өткен жылы шыққан «Тексеру және қадағалау туралы» заңға сәйкес, кәсіпкерлерді тексеру қатаң түрде азаматтардан түскен шағымдар негізінде жүргізілуі тиіс. Оның үстіне түскен шағымдар құпия болмауы керек және оған қосымша сатып алған азық-түлігінің чегі жалғануы қажет. Олай болмаған жағдайда прокуратура санитарлық дәрігерлерге тексеру жүргізуге рұқсат бермейді. Басқаша айтқанда, дүкен сөресінен мерзімі өткен азық-түлікті көрсеңіз, сіз алдымен оны сатып алуыңыз керек, содан соң ғана СЭС-ке шағымдануға тиіссіз.

Дегенмен, дәл осылайша рәсімделмеген бірнеше жағдайлар да болды. Айталық, облыс әкімінің блогына түскен шағым артынша «тексеріп, шарасы алынсын» деген белгімен мемлекеттік санитарлық қадағалау басқармасынан бір шықты, іле-шала прокуратура еш кедергісіз тексеруге рұқсатын берді. Прокурорларға да мін таға алмайсың, өйткені, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 5-бабы бар: «1. Мыналар қарауға жатпайды:

1) мұндай өтiнiште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттiк немесе қоғамдық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп туралы мәлiметтер бар және мемлекеттiк органдардың құзыреттерiне сәйкес оларға дереу жiберiлуге тиiс жағдайларды қоспағанда, иесi бүркемеленген өтiнiш».

Бір күн асса жойылуы тиіс 

Мейрамханалар мен кафелерге келетін болсақ, жақында ғана премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ олардың жұмысын қатаң тәртіпке салатын жаңа санитарлық ережелер мен нормаларға қолын қойды. Енді қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында дипломды азық-түлік технологі жұмыс жасауы тиіс. Және әрбір тағам түріне технологиялық карта толтыру оның міндетіне кіреді. Онда барлығы көрсетілуі тиіс: өнім қайдан алынды, қандай мөлшерде, қалай өңделген, неше сағат қайнатылған, немен араластырылған, қанша уақыт сақталады және қашан толығымен қолданылады. Тек облыс орталығының өзінде  - 356 қоғамдық тамақтандыру нысандары, 9 кондитерлік цех, бір сүт кухнясы бар. Демек, азық-түлік технологі мамандығы сұраныста деуге болады. 

Бұдан басқа, жаңа санитарлық ережелер мен нормалар тәртібіне сәйкесті барлық қоғамдық тамақтандыру нысандарына тоқсан сайын  бір рет өндірістік тексеру жүргізіледі. Ол үшін олар азық-түлік зертханаларымен келісім-шарт жасаулары керек, ал, олар қалада жеткілікті. Және тағы да: барлық азық-түлік дүкендері айына бір рет санитарлық күнге жабылып отыруға тиіс. Ол күні  «толық тазалық жүргізу, тоңазытқыш және технологиялық құрал-жабдықтарды тексеру, ғимаратты және оған жанама аумақты дәрілеу, дератизациялау» (СанЕжН 126-бабы) жүргізіледі.

Жаңа ережеде мерзімі өткен азық-түліктерді не істеу керектігі нақты айтылған: «Жарамдылық мерзімі өткен өнім  - бұл зертханалық тексеруге жатпайтын қауіпті азық-түлік. Оны бірден жою керек». Басқаша айтқанда, жарамдылық мерзімінен бір күн асып кетсе – тауар жойылады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 ақпан 2012, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.