Атырау, 23 қараша 22:44
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Маған ана боласың ба?

3 023 просмотра

Бала асырап алушылар көбейіп келеді

Атырау облысында бала асырап алу жағдайы жыл сайын артып отырғандығы байқалады. Айталық, 2010 жылы 124 бала, 2011 жылы 168 бала асырап алынған. Ал биыл бір айдың ішінде 16 бала заңды түрде отбасына қабылданған.

Атырау облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Фатима БАЙМҰХАНОВАНЫҢайтуынша, облыс бойынша балаларды асырап алып жатқандардың дені – сол балалардың өз ағайын-туыстары.

Ал балалардан белгілі-белгісіз себептермен бас тартатындар немесе уақытша балалар үйлеріне тапсыратындар сандық мәліметтің есебі бойынша, олар көп жағдайда - әлеуметтік жағдайы төмен, ішімдікке салынған ата-аналар екен.  

- Біздің мақсатымыз – әлеуметтік жетімдердің санын азайту. Осыған байланысты бала асырап алғысы келген ата-аналармен жұмыс істейміз, - дейді Ф.Баймұханова.-Былтырғы тамыздан бастап үкіметтен қорғаншылық және қамқорлыққа алған адамға әр бала үшін ай сайын 15 мың теңге жәрдемақы тағайындалды. Сол үшін былтыр республикалық бюджеттен облыс бойынша 95 млн , ал биыл қаңтар айына сәйкес 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Бірақ 2005 жылдан бері қарай шетелдік азаматтар тарапынан бала асырап алу жағдайы тіркелмепті. Ал 1999-2005 жылдар аралығында 6 бала ғана шетелдік отбасына асырауға берілген. Олардың басым бөлігі АҚШ еліне кеткен көрінеді. 

Фатима Мұсақызы бұрынырақ шетелдік бала асырап алушылар тікелей асырап алатын болса, жуырда күшіне енген «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес, қазір асырап алу мәселелеріне тек заңды тұлғалар – агенттіктер, ҚР аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдіктері арқылы жіберілетін болады дейді. Бір өкініштісі, баланы қамқорлығына алуды көздегендер негізінен дені сау,  3 жасқа дейінгі балаларды іздейді екен.

Облыстағы жетім балалар және асыраушысынан айырылғандарға арналған үш мекеме – қаладағы «Ақбота» балалар үйі, Сабыр Қазыбаев атындағы №1 интернат және Геолог поселкесіндегі «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында барлығы 180 бала тұрып жатыр. Ал 2010 жылы олардың саны 223 болса, 2009 жылы 324-ті құраған.

Айнұр САПАРОВА

2 ақпан 2012, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.