Бүгінде Қазақстандағы балалар үйі мен интернаттарда ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 8 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары мемлекет саясаты балалар үйін толықтай жоймаса да, сол жерде тұратындардың санын барынша азайтуға бағытталған.
Күні кешеге дейін Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың үш формасы қолданыста болды.
Бала асырап алу
Бала асырап алу – сот шешімінің негізінде баланы отбасына тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны, нәтижесінде шығу тегі бойынша туысқандық міндеттерге және құқықтарға теңестірілетін жеке мүліктік және мүліктік емес міндеттер туындайды.
Кәмелетке толған (некеде жоқ ер адамдарды қоспағанда), некеде бар немесе жоқ, әрекетке қабілетті тұлға асырап алушы бола алады.
Ықтимал бала асырап алушылар қамқорлық органына жүгініп, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеруден өткізіп, асырап алу процедурасына қажетті бірқатар құжаттарын жинақтап, сотқа жүгінуі тиіс. Бала тиісті сот шешімінің негізінде отбасына беріледі.
Асырап алушы ата-аналарға өз туған балалары алдындағы секілді ата-аналық міндеттер жүктеледі. Асырап алынған баланың, сондай-ақ, алиментке, мұра алуға құқығы бар.
Бала асырап алу кезінде асырап алушылар 75 АЕК мөлшерінде бір мәрте берілетін жәрдемақы алады.
Өкінішке орай, асырап алынған баланың біраз уақыттан кейін қайтадан балалар үйіне оралатын жағдайлары кездеседі. Басты себеп – асырап алушылар өз күштерін жете білмеген және бала психологиясындағы проблеманы шеше алмаған. Алайда, биыл Атырауда асырап алынған баланың өз қалауы бойынша балалар үйіне кеткен жағдай да орын алды. 13 жасқа толғанда ол өзінің отбасында тумаған бала екенін білген соң, өзінің биологиялық ата-анасын табуды талап еткен. Асырап алушылардың отбасында қалудан үзілді-кесілді бас тартады.
Қорғаншылық және қамқоршылық
Көбінесе қорғаншылық пен қамқоршылықты туыстары ресімдейді. Бұл үшін қамқоршылық органына жүгініп, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексертуден өткізіп, қажетті құжаттар пакетін ұсыну керек. Қорғаншылық және қамқоршылық болашақ қамқорлыққа алынатын бала тұратын елді мекен әкімінің қаулысы негізінде ресімделеді. Қамқоршы баланы асырауға ай сайын мемлекеттен 10 АЕК мөлшерінде және баланың киім-кешегіне 3 АЕК жәрдемақы алады. Сонымен қатар, қорғаншылық және қамқоршылық органының тарапынан бақылауға алынады.
Патронат
Бұл тәрбиелеу формасы - жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасына патронаттық тәрбиелеуге беріледі. Балаларды тәрбиеге алуға тілек білдірген отбасы қорғаншылық және қамқорлық органымен тиісті келісімшарт жасайды.
Патронаттық тәрбиешілер - отбасына қабылдайтын балалардың туыстары болып табылмайтын кәмелетке толған әрекетке қабілетті тұлға бола алады. Педагогикалық білімі бар адамдарға артықшылық беріледі, алайда, жалпы бұл кедергі болып табылмайды. Егер ықтимал патронатты тәрбиеші некеде бар болса, онда келісімшарт жасау кезінде жұбайының келісімін алуы қажет.
Патронатты ресімдеу үшін қорғаншылық және қамқорлық органына жүгініп, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексертуден өткізу керек.
Бір ерекшелікті ескеру қажет – ықтимал патронатты тәрбиешілер баланы тәрбиеге тек өз өңірінің, біздің жағдайда – Атырау облысының шеңберінде ғана ала алады. Облыс шеңберінен тысқары тұрақты мекен-жайға көшкен жағдайда келісімшарт бұзылады.
Патронаттық тәрбиешіге ай сайынғы жәрдемақыдан бөлек баланы асырауға (тамағына – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін 9 АЕК және мектеп жасындағы балалар үшін – 10 АЕК, баланың киіміне – 3 АЕК) ай сайын еңбекақы - бір балаға орташа алғанда патронатты ата-ананың өтіліне қарай 60-80 мың теңге төленеді. Сонымен қатар, патронатты тәрбие туралы келісімшарт әрекет еткен кезде тәрбиешінің еңбек кітапшасына тиісті жазба жазылады. Тиісінше, патронат болған уақыты жұмыс өтіліне есептеледі.
Патронаттық тәрбие туралы келісімшартты кез-келген уақытта тараптардың бірі бұзуы мүмкін, сол кезде бала балалар үйіне немесе интернат мекемесіне оралады.
Қазіргі уақытта Атырау облысында 14 бала 11 отбасына патронатты тәрбиеге алынған. Патронатты тәрбиеге сәбиді қабылдаған адамдардың кейіннен асырап алу секілді жауапты қадам жасаған жағдайлар аз емес.
Ал 2017 жылдың қаңтарынан бастап балаларды отбасына орналастырудың екі формасы енгізіледі. Бұл туралы «АЖ»-ға білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА баяндады.
Бала қонақтайтын отбасы
Балалар тілек білдірген отбасыларында демалыс және мереке күндерін өткізе алады. Бала қамқорлық және қорғаншылық органдарының, яғни, балалар үйі директорларының шешімімен бала қонақтайтын отбасына беріледі. Бала қонақтайтын отбасы бірнеше баланы бірден қабылдай алады. 10 жасқа жеткен баланы қонақтайтын отбасына тек оның келісімімен ғана беру мүмкін болады. Қонақтайтын отбасында болған кезде баланы асырауға ақшалай төлем және баланы қабылдаған тұлғаға еңбекақы берілмейді.
Жалпы, бұл балалар үшін де, оларды өз үйінде қабылдайтын адамдар үшін де өте қолайлы. Балалар басқа отбасы мүшелерімен қатар тұрмыс тірлігіне қатыса алады, бірге дүкен-базарларға бара алады. Оның үстіне, қабылдайтын отбасында оны танып білуге мүмкіндік болады: бәлкім, оны жақын тартып, асырап алуға ниет білдіретін шығар.
Баланы қабылдайтын отбасы
Бұл балаларды тәрбиеге алуға тілек білдірген азаматтар мен қорғаншылық және қамқорлық органы арасында жасалған келісімшарттың негізінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиеге алудың құқықтық формасы. Қабылдайтын отбасына тұрақты тұруға 4-тен 10 балаға дейін берілуі мүмкін. Сәбиді (баланы) беру – Республикалық дерекқорға тіркелу шартымен, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын ҚР азаматтарының отбасында жүзеге асырылады. Қабылдаушы ата-ананың екеуіне де ай сайын еңбекақы төленетін болады.
Қазіргі кезде Атырау облысында 596 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар бар. 2015 жылы облыс бойынша 107 бала, 2016 жылдың 9 айы ішінде 54 бала асырап алынды.
Осыдан 2-3 жыл бұрын ықтимал асырап алушылар арасында мектепке дейінгі жастағы балаларға сұраныс едәуір көп болды. Ал соңғы кездері мектеп жасындағы балаларды да белсенді түрде асырап алуда. Бұл көп жағдайда «Асырап алушы ата-аналар мектебінің» жұмысы мен түсіндіру семинарларының жемісі, дейді білім беру басқармасындағылар. Айтпақшы, асырап алуға үміткерлер үшін «Асырап алушы ата-аналар мектебінде» оқу міндетті болып табылмайды. Алайда, сәбиді өз отбасына алғысы келетін кез-келген адам бұл жерден психологтың қажетті кеңесі мен көмегін ала алады.
Тамара СУХОМЛИНОВА