Атырау, 22 желтоқсан 17:58
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Нұржанға пәтер берілді!

4 808 просмотра

31 қаңтар 20 жастағы Нұржан ӨРКЕШБАЕВ үшін ерекше күн болды. Ол Атыраудан көптен күткен бір бөлмелі пәтерінің кілтін қолына алды.

Нұржан туған ауылы Мұқырдан ертелетіп пойызбен жетті. Ол жалғыз өзі келіпті: әкесі вахтада екен, ал анасы шаруашылығын тастай алмапты. Жаңа салынған үйлер арасынан оның үйін бірге іздеп жүрген кезде:

- Бізде қатты аяз екен десем, бұл жаққа қарағанда ауылда жылы екен ғой, - деп қояды суыққа тоңазыған Нұржан.

Бүгінде Нұрсая – қаладағы ең қарқынды бой түзеп келе жатқан ықшамаудан. Бұл жерде арендалық және коммуналдық баспана салынып жатыр. Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, болашақта бұл маңда 40 мыңнан астам қала тұрғындары қоныстанатын болады. Биылғы жылы мұнай-химия кешенінің мамандарын дайындайтын 700 орындық кәсіптік-техникалық училище және заманауи өнер мұражайы мен көрме залы бар 1200 орындық киноконцерт залын, 100 орындық монша кешенін пайдалануға беру жоспарланған. Оған жақын маңда Мұз сарайы мен Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап ғылыми кітапхана орналасқан.

Ал енді жаңа бес қабатты үйлердің біріне Нұржан да қоныстанады. Бұл үй жуырда беріліпті, қоныстанушылар әлі толықтай көшіп болмаған. Ал көрші үйлерде әрлеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Нұржанның пәтерінің асүйі кең, бір шағын бөлмесі мен біріктірілген санитарлық торабы бар. Нұржан баспанасын қарап жүргенде, оған телефоннан әлденеше рет қоңырау шалып жатты.

- Әке-шешем ғой, - деді Нұржан қуана. – Екеуі де мен үшін қуанышты. Әкем вахтадан келген соң, анам екеуіне пәтерімді көрсетемін. Бәлкім, бір айдан кейін бұл жерге көшіп келетін шығармын.

Естеріңізге салсақ, алғаш рет облыс орталығының ең шалғай Қызылқоға ауданында тұратын «қария» бала туралы 2000 жылы әңгіме еткен едік. Прогерия деген сирек сырқатпен ауыратын Нұржан туралы БАҚ-тар көп жазды, оны теледидардан жиі көрсетті. Сол кезде, 10 жылдан астам уақыт бұрын облыстық билік науқас балаға облыс орталығынан пәтер бөлуге уәде берген еді. Бірақ содан кейін Нұржан туралы ұмытып та кетті.

Алайда ресейлік «Бірінші арнада» Нұржанның қатысуымен «Пусть говорят!» хабары көрсе-тілгеннен кейін ол туралы қайта еске ала бастады. 2011 жылдың аяғында алматылық «Ниссамед» емханасында оған пластикалық операция жасалды. Ал атыраулық билік облыс орталығынан көптен күткен пәтерді ұсынды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

1 ақпан 2012, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.