Атырау, 23 қараша 21:39
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Потенциалойлға» айыппұл салынды

1 770 просмотра

Жамбайдағы мұнай төгілісіне кінәлі «Потенциал ойл» компаниясына 2,5 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 30 қарашасында «Потенциал ойл» игеріп жатқан Жаңа Талап кенішінен тартылған мұнай құбырында апат орын алған еді («АЖ», 2011 жыл 8 желтоқсан «Жамбайдағы Мексика шығанағы»). Төгілген мұнай бірнеше сағаттан кейін Бақсай каналына құйылды. Жамбай ауылының тұрғындары оны тез арада тазартуды (канал олар үшін ауыз судың бірден-бір көзі болатын), ал егер бұл шартты орындамаса, компания бүкіл жұмысты тоқтатуы тиіс деп талап етті. Каналды тазарту өте көп уақыт алды. Бастапқыда компания қызметкерлері қарабайыр тәсілмен - мұнайды шүберекпен және шелектеп азайтуға тырысты. Содан кейін каналдың екі жағына топырақ төгіп, бар болғаны мұнай төгілген 10 мың текше метр суды тартып шығарды

- Екі миллиард теңгедей айыппұл компания үшін түк те емес,- дейді Жайық-Каспий экология департаментінің бас маманы Қуандық ЕСМҰХАНОВ. – Қолдарында басқа техникалық мүмкіндіктері бола тұрып, олардың неліктен мұндай тазарту әдісін таңдағаны маған түсініксіз.  

Оның айтуынша, төгілген мұнай көлемі жарты тоннадай, ластану алаңы – 8778 шаршы метр.

- Судың бастапқы сынамасы концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінен асып кеткенін көрсетті. 18 қаңтарда жоспардан тыс тексеру жүргізілді: топырақтан және судың жоғарғы қабатынан  сынама алынды. Егер бұл жолы да шекті мөлшерден асқаны байқалса, мәселе басқаша қойылатын болады. Бүгінгі күні «Потенциал ойл» компаниясына Экологиялық Кодексті сақтамағаны үшін және қоршаған ортаға зиян келтіргені  үшін 2,5 миллиард теңгеден астам сомада айыппұл салынды, - деп мәлімдеді Қ. Есмұханов.

Сәния ТОЙКЕН

25 қаңтар 2012, 23:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.