Атырау, 23 қараша 23:11
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Демалысымызды талап етеміз!

2 577 просмотра

«Ембімұнайгаз» ӨФ құрылымдық бөлімшесі – «Ембімұнайэнерго» кәсіпорнында еңбек дауы пісіп-жетілген секілді. Бұған жұмысшылардың кезекті еңбек демалыстарын толықтай ала алмай отырғандығы себеп болып отыр.

Өткен аптада «Ембімұнайэнерго» басқармасының жұмысшылар тобы редакциямызға, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшысы Болат ДӘУКЕНОВКЕ, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Темір ЕСТЕБАЕВҚА және «Ембі-мұнайгаз» ӨФ кәсіподағының төрағасы Марат НЫСАНБАЕВҚА өз шағымдарын жолдаған еді.

 «“Ембімұнайэнерго” басқармасының басшылығы бізге 2012-2013 жылдардағы кезекті еңбек демалысы бар болғаны 15 күнге созылатындығын хабарлады, өйткені біз 2008 жылы «артық» күндер демалып қойған екенбіз-мыс», - деп жазады «Жайық» аудандық электр торабы ұжымының жұмысшылары.

Жұмысшылардың айтуынша, 2012 жылы кезекті еңбек демалысы тек екі апта ғана болады екен. Мұны «Жайық» АЭТ бастығы Талғат ЕЛЕУБАЕВ та растаған.

- Ол бізге 2008 жылы «Ембімұнайэнерго» басқармасы құрылған кезден бастап демалыстарға қосымша артық еңбеккүндер алғандығымызды, сол кезде ол бізге қарыз ретінде  ұсынылғандығын айтты. Ал енді еңбекақы төлеуді жолға қою үшін олар біздің заңды демалысымыздың ұзақтығын қысқартқылары келіп отыр, - дейді жұмысшылар. - Өзіміздің заңды құқықтарымызды қорғағымыз келгені үшін  бізге енді қысымшылық көрсетуде. «Ембімұнайэнерго» басқармасының бастығы Т. Айтбаев тіпті, кезекті аттестация кезінде емтиханды өзі алатындығын айтып қорқытып: «Оны тапсыра алмағандардың барлығын жұмыстан шығарамын!» - деп ескертті. Әрине, біздің бәріміздің де отбасымыз, балаларымыз бар, ешкім де жұмысын жоғалтқысы келмейді. Бірақ маңдай термен тапқан ақша мен демалыстан да ешкім айырылғысы келмейді ғой, - дейді жұмысшылар.

Бізге «Ембімұнайгаз» ӨФ-ның қызметкерлерді басқару бөлімінің бастығы Сүлеймен ОТАРОВПЕН сөйлесудің сәті  түсті. Ал ол бұл жайдан мүлдем бейхабар болып шықты.

- Оларға толық демалыс беруден бас тартқандығын бірінші рет естіп отырмын. Қазір Еңбек министрлігі департаментінің тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр, сондықтан біздің әзірге нақты жауабымыз жоқ. 2012 жылдан бастап ҚР Еңбек Кодексінің 104-бабына сәйкес, біз нақты жасалған жұмыс уақыты үшін ғана жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын ұсынуға құқылымыз. Бірақ қазір тек қаңтар айы ғана болғандықтан, жасалған жұмыс сағаттары әзірге есептелген жоқ, - деді ол.

Департамент директоры Темір Естебаев жұмысшылардың шағымы тіркелгендігін, бірақ оған жауап тек ақпан айының ортасында ғана дайын болатынын хабарлады.

Ал жұмысшылар болса, егер барлық инстанцияларға жазылған хаттардан кейін оларға заңды еңбек демалысы толықтай ұсынылмаса, олар ереуілге шығуға мәжбүр екендіктерін ескертіп отыр.

Сәния ТОЙКЕН

25 қаңтар 2012, 23:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.