Бір күні менің электронды поштама хат келді. Оқырман зағип және нашар көретін жандарға арналған дыбыс сигналымен жарақталған бағдаршамдары бар қозғалысы көп қиылыстың маңында тұратынын және бұған қатты наразы екенін айтты: «Бізде қаланың жартысы соқыр деп ойлауға болады, бұл дыбысты тәулік бойына тыңдауға мәжбүрміз!». Әрине, қаланың жартысы емес, бірақ ондай жандар бар. Ал бұл күндері Халықаралық зағиптар күні атап өтілуде.
КӘСІПОРЫН СЕКІЛДІ КӘСІПОРЫН
…Авангардтағы Жилгородок көпіріне жақын маңдағы екі қабатты ескі ғимарат. Бұл жерде Қазақстан зағиптар мен нашар көретіндер қоғамының (ҚСН) Атырау филиалының оқу-өндірістік кәсіпорны орналасқан. Ол 1946 жылы ашылды, ол кезде мұнда 8 адам еңбек етіп, балық аулайтын ау құралдарын жасады. Жыл өте келе штат та, өндіріс саласы да кеңейді. Кеңестік дәуірде бұл жерде үш жүздей адам жұмыс істеді. Ал қазір мұнда 50 адам жұмыс істейді, оның 31-і көру қабілеті бойынша мүгедек жандар. Кәсіпорын ғимараты 20 жылдан бері жөндеу көрмеген.
– Бізде матрас, тігін, картонажды және жиһаз цехтары жұмыс істейді. Тапсырыс берушілер - негізінен денсаулық сақтау, білім беру нысандары және басқа да мемлекеттік мекемелер. Матрастар, көрпе, төсек-орын тыстарын, медиктерге арналған маман киімдерін, картон қорапшалар, мұрағат папкаларын, тезтікпелер (скоросшиватель) жасаймыз. Жиһаз цехында шкафтар, балабақша мен мектептерге арналған парталар, үстелдер жасалады. Міне, қараңыз, біздің кабинеттегі бүкіл жиһазды біздің мамандар жасады. Олар кез келген тапсырысты орындай алады, - деп әңгімеледі кәсіпорын директоры Болат ҚҰСТАНОВ.
Мен қарадым – бұл жердегі жиһаздың дүкендерде сатылатын түрлерінен ерекшелігі жоқ екен.
– Ал бұл қалай жасалады? Қалай еткенде де көруді қажет ететін процесстер болады ғой...
– Міндетті түрде әр цехта көздері көретін қызметкерлер болады. Олар дайындап, әрі қарай жұмыс сапасын бақылап, қалай жасайтынын айтады, көмектеседі.
Қызметкерлер маған кәсіпорын бойынша шағын экскурсия ұйымдастырды. Әйнектелген көне биік ағаш есіктердің ар жағында жұмыс қайнап жатыр, күлген дауыстар естіледі.
Тігін машиналарының табанынан матаға түзу тігістер салынып жатыр. Машинаға мені отырғызса, қанша тырыссам да мұндай түп-түзу болып шықпас еді.
– Қызметкерлеріміз – нағыз кәсіби мамандар. Олардың барлығы бізде көп жылдардан бері жұмыс істеп келеді, - дейді Болат Мұхитұлы.
Олардың ішінде тігінші Ирина КАЛЯГИНА бар. Ол І топ мүгедегі, яғни, ештеңе көре алмайды. Ал бұл жерде бақандай 35 жылдан бері жұмыс істеп келеді!
– Мен бұл жерге 17 жасымда келдім. Ол кезде екінші топ мүгедегі едім, бір көзім көретін. Алдымен матрас цехына бөлді, содан кейін тігін цехына ауыстым. Мен ол кезде жұқалтаң болатынмын, сондықтан матрасты тарту маған қиынға соқты. Мұнда тұрақтап қалдым. Түгелдей көзім көрмей қалғанда да осы жерде жұмыс жасауды жалғастырдым. Бұл жерде ортақ тіл табысуға де, бір нәрсемен айналысуға да, қоғамға пайдаңды тигізуге де, табыс табуға да болады, - деп әңгімелейді Ирина.
«ҚОЛЫМЫЗДАН БӘРІ КЕЛЕДІ»
Айтпақшы, табыс туралы.
– Тапсырыс көп емес және үнемі бола бермейді. Сондықтан адамдар жұмысқа қажеттілік туған соғ шығады. Бұл айына 10-15 күндей. Жалақысы да осыған сай, кейде 30 мың, кейде одан да аз болады. Бірақ жоқтан бар жақсы ғой, өйткені мүгедектік бойынша алатын зейнетақымыз көп емес. Ал осында көпшілігінің отбасы, балалары, немерелері бар, - дейді Б.Құстанов.
Айта кету керек, көру қабілеті бойынша І топ мүгедектерінің зейнетақысы 45 мың теңгені құрайды. ІІ топ шамамен 35 мың теңге алады.
Экскурсияны жалғастырайық. Картонаждық цехта мүлгіген тыныштық орнаған, сәлден соң қағаз бен кеңсе желімінің иісі мұрнымызға келді. Үйілген биік картон қораптардың арасындағы жұмыс орнынан Сағындық ЖАҚЫПОВТЫ көрдік. Ол да І топ мүгедегі. Қораптарды асқан шеберлікпен жинаған ол артынан бәрін желімдеп жатты.
– Мен кәсіпорында 30 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Алдымен тігін цехында жұмыс істедім, кейін осында ауыстым. Бұл жерде не нәрсеге – папкаға, тезтігіске және т.б. тапсырыс берсе, соның бәрін жасаймыз. Қолымыздан бәрі келеді.
– Мұндай бірсарынды жұмыс жалықтырып жібермей ме?
– Жоқ. Үйреніп кеттім. Уақыт та тез өтіп кетеді. Бүгін ғана тыныш болып тұр, ал былайша музыка қосып қоямыз.
– Сіз қайда тұрасыз? Жұмысқа қалай барып жүрсіз?
– Привокзальныйда тұрамын. Жұмысыма өзім барым келемін. Қалаға жақсы бейімделгенмін. Егер менің көзім көретін болып, кейін аяқ астынан көре алмай қалған болсам, ауыр болар еді. Әр уақытта осылай болғандықтан, басқаша қалай болатынын білмеймін. Маршрутты өте жақсы білемін. Аялдамаға қалай жетуді білемін. Керек автобусыма отырамын. Қай аялдамадан түсіп, әрі қарай қалай бару керектігін білемін. Мен үшін бұл проблема емес.
КӨРЕТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚАЛА
Б.Құстановтың айтуынша, бүгінде Қазақстан зағиптар қоғамының Атырау филиалына 900-ге жуық адам тіркелген:
– Бұл бізге келгендер, біз білетіндер. Бірақ, көру қабілеті бойынша проблемалары бар, біздің қоғамға тіркелмеген жандар бар шығар.
– Олар күнделікті өмірде қандай проблемалармен бетпе-бет келеді? Немесе басқаша сұрақ қояйын: олар қоршаған әлемде қаншалықты «үйлесім тапқан»?
– Біздің қала зағиптар үшін ғана емес, нашар көретіндер үшін де мүлдем бейімделмеген. Бағдаршамдарды дыбыстық сигналдармен жарақтай бастағанының өзі жақсы нышан. Біз үшін басқа ештеңе жоқ. Мұндай адамдар үшін арнайы жолдар туралы, мәселен, тіпті армандамаймыз да. Қарапайым нәрселердің өзі жоқ. Мәселен, көру қабілеті бойынша проблемалары бар адамдарға арналған баспалдақтар түрлі-түсті сызықтармен белгіленуі тиіс. Мекемелерде зағиптар үшін арнайы маңдайшалар да жоқ. Тіпті, емханалар, халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді мекемелерде. Айта берсе көп...
Болат Мұхитұлы істің мән-жайын біледі. Оның өзі ІІ топ мүгедегі.
– Олар сонда қала бойынша қалай қозғалады?
– І топтағылар үшін мемлекет жеке көмекші қарастырған. Қалғандары өздері жүріп-тұруға тырысады. Біздің зағиптар қоғамында такси қызметі ұйымдастырылған, оларды тек І топ мүгедектері ғана пайдалана алады. Сондықтан ең болмаса қарапайым нәрселер жасалса екен деймін. Аялдамадағы адамдардан кері сұрап жүрмес үшін автобустардағы маршрут нөмірлері айқынырақ ерекшеленсе дейміз. Сол автобуста жүрген кезде әр аялдама аттары дұрыс жарияланып тұрса дейміз. Біз қай жерге баратынымызды, қашан шығатынымызды көрмейміз ғой.
СӨЙЛЕЙТІН САҒАТ, ОҚИТЫН МАШИНА
Дегенмен, олардың өмірін жеңілдететін тағы бір жайттар бар.
– Бізге магнитофон, сөйлейтін сағат, оқитын машина, диктофон және ноутбук тегін беріледі. Магнитофонның арқасында аудиокітаптар тыңдаймыз. Оқитын машина қағаз тасымалдаушыдан мәтінді танып, дыбыстауға қабілетті. Өзіңе қажетті әлдебір ақпаратты жазып алу керек болғанда, диктофон да жақсы көмекші. Сөйлейтін сағаттарға қатысты бәрі түсінікті. Бұдан басқа, қазір бізде зағиптар қоғамында арнайы әзірленген бағдарлама бойынша компьютерлік сауаттылық курстары ұйымдастырылған, - дейді Б.Құстанов. – Жалпы прогресс алға озып кетті, бастысы оны қуып жету. Ресейде, мәселен, зағиптарға сөйлейтін телефондар қолжетімді. Ол баспа мәтінін сканерлеп, оны дауыс арқылы шығаруға қабілетті. Немесе егер оған қала картасын жүктесе, ол көрмейтін жан үшін жолкөрсеткіш болады. Келесі жылы бұл телефондар біз үшін де қолжетімді болады деп үміттенеміз. Тағы бір ерекшелік, бізде тифлотехника бірден берілмейді, кезек тәртібімен беріледі. Сондықтан адамдардың күтуіне тура келеді.
Ал бізде кітапханада аудиокітаптар, Брайль әріптері бар кітаптар, мүдделестер клубтары бар, әртүрлі байқаулар өткізіледі. Адамдар торықпайды, өмір сүріп, отбасын құрады...
ИРИНАДА ҚОНАҚТА
Күнделікті тұрмыста қалай өмір сүреді? Мен үйлері қалай жабдықталғанын, шаруашылықпен қалай айналысатынын және басқа жұмыстарды қалай шешетінін көзіммен көру үшін Ирина Калягинаға қонаққа баруға сұрандым. Ол мені өзінің мұнтаздай таза пәтеріне қуана қабылдады.
– Тұрмыс қалай дейсің бе? Басқаларда қандай болса, менде де сондай. Ешқандай арнайы құрылғым жоқ. Асүйде де басқалардыкіндей бәрі сөрелерде, банкаларда тұрады.
– Қай жерде не нәрсе тұрғанын қайдан білесіз?
– Жай ғана білемін. Мұны туыстарым да біледі. Сондықтан, егер бір нәрсе алатын болса, оны орнына қояды.
Бір ғана ерекшелігі, қараңғы түскен кезде қажет болмаған соң үйдің жарығын қоспайды.
– Мен бұрыннан соқыр болған жоқпын, 13 жасқа дейін көру қабілетім жақсы болды. Бірақ бір күні сабақ кезінде бір көзім көрмей қалды. Дәрігерлер көру жүйкесі жойылған деді. Бірақ екінші көзім көретін, мен осыған да риза едім. 23 жасымда күтпеген жерден көзім су қараңғы болды. Кешкісін ұйықтауға жатып, таңертең оянғанда ештеңе көре алмадым, - деп әңгімелейді Ирина. - Әрине, күйзеліске түсіп кеттім. Әрі қарай қалай өмір сүрерімді елестете алмадым. Осы ой менің жанымды жегідей жеді, іштей мүжілдім. Мені қайраттандырып, қолдауға тырысқан достарыммен араласуды доғардым. Содан соң әрі қарай өмір сүру керек қой деп ойладым. Сөйтіп, үйрене бастадым. Маған анам, сіңлім Анастасия көп көмектесті. Настя бірінші сыныпта оқитын, мені жұмысқа алып баратын. Содан соң тұрмыс құрдым, ұлды болдым...
– Күйеуіңізбен қайда таныстыңыз?
– Қонақтықта.
– Ол қалайша…
– Менің соқырлығым оны қорқытпады. Тіпті кейде соқыр екеніме сенбейтін де. Көп жыл біргеміз ғой, ал ол: «Сен бәрін алдап жүрсің!» деп қойып қалатыны бар. Әрине, әзілдейді ғой. Ал былай өзі көп нәрсеге көмектесті, шаруашылыққа да қол ұшын берді. Өкінішке орай, ол былтыр көз жұмды.
– Сізді дүниеге сәби әкелсем бе, жоқ па деген күдік мазаламады ма?
– Жоқ. Мен жалғыз емеспін ғой. Жанымда туыстарым, сүйікті қосағым бар. Бәрін өзім жасап жүрмін ғой. Ал киім-кешектен бір нәрсе сатып алу керек болса, Настямен бірге шығамыз. Ол маған не ұнайтынын, не үйлесетінін біледі. Бір жерлерге шаруаммен шығатын болсам, қасымда еріп жүреді. Ал үйдің жанындағы дүкенге, мәселен, өзім бара аламын. Ұлым өсіп, үйленді. Келініммен екеуі көмектеседі. Немере қызым өсіп келеді. Міне, қаншама адам жанымда жүр, сүйеніштерім ғой менің!
– Сіз тағдырыңызға налып көрдіңіз бе?
– Жоқ. Мен мұны қабылдадым және осымен өмір сүруге үйрендім. Мен басқалардан кем емеспін. Жағдайы менен де мүшкіл адамдар бар ғой. Тағдырға несіне налимын? Менде бәрі жақсы – туыстарым, достарым, жұмысым бар. Аяқ-қолым аман-сау, қалаған жеріме өзім бара аламын. Көре алмасам да, өмір сүріп жатырмын!
Әлі де бағдаршамдағы дыбыстық сигналдар сіздің ашуыңызға тие ме? Ал маған әсер етпейді...
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор