Нұржан Өркешбаевқа Атыраудан пәтер берілмек
Нұржан ӨРКЕШБАЕВҚА (суретте - бауырларымен) үздік емханаларда операция жасатуға уәде берген ресейлік телеарналардың көптеген шақыртуларына қарамастан, оның әкесі Жаңбырбайдың шешімімен жерлесімізге Алматы емханасында операция жасалды. Көптен күткен операциядан кейін бозбаланың өмірі қалай өзгергенін білу үшін біз оның туған ауылы Мұқырға аттандық.
- Ауылымызға газ жүргізгеннен кейін өмір сүру жеңілдеді,- дейді вагон тамбурында тұрған кезде қуаныштарымен бөліскен мұқырлықтар. Ауыл тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық – такси екен. Жеке тасымалдаумен табыс тапқысы келетіндер әзірге 3-4 адам ғана көрінеді. Дегенмен де, мұқырлықтар таксистердің пайда болғанына дән риза: Атырау-Ақтөбе пойызы ауылға түнде келеді, егер көлікпен ешкім күтіп алмаса, үйге жетудің өзі үлкен проблема.
Өзімізге жылы Атыраумен салыстырғанда, бұл жер нағыз қыс екен. Айнала күртік қар, борасын борап тұр. Өркешбаевтардың үйі ауылдың шетінде орналасқан, ол жаққа баратын жол жоқтың қасы, тек бағыттап жүру керек. Үйге қарай көтерілетін қыр қарға көміліпті, одан өтуге біздің көпті көрген «Нивамыздың» шамасы жетпеді. Мені стансадан күтіп алған Нұржан екеуміз жолдың қалған бөлігінде жаяу жүрдік. Дәрігерлер оған суыққа шықпауға кеңес берген екен, сондықтан ол бет-аузын тұмшалап орап алған, тек көзі ғана көрінеді.
Бұл үйде мені, басқа да қонақтары секілді, таза қазақы мейманжайлықпен қарсы алады. Әуелі әңгімелеседі, сосын бешбармақ әкеледі, содан кейін барып, тәттілеп шай береді. Бөлмелері жылы екен: ауыл әкімінен Өркешбаевтар ақыры көмек ала алмапты, газ жүргізуге өзі жұмыс жасайтын кәсіпорын көмектескен.
- Нұржан келгеннен кейін, онымен амандасып кетуге адамдар көп келіп жатыр. Құттықтап, оның әжептәуір өзгеріп қалғанын айтады.Өз басым соншалықты өзгерісті байқаған жоқпын, бірақ бұл тек алғашқы операция ғой. Көктемде екіншісіне барады. Бұл оның арманы еді, - дейді жігіттің анасы Базаргүл. Көрген бейнеті мен төрт баласының бар екендігіне қарамастан, анасы жас әрі нәзік көрінеді. Алайда оның мойымайтын жан екені сезіледі.
Әкесі Жаңбырбай да операцияға дейінгі және кейінгі түскен фотосуреттерді салыстырғанда ғана ұлының келбетінен өзгерістерді байқағанын айтты:
- Бізге Алматыдағы дәрігерлер қатты ұнады, - деп еске алады ол. – Олар Нұржанды қарап жатқанда, мен ақылы тексеруден өттім. Маған атыраулық дәрігерлер қойған диагноз дұрыс болмай шықты: біздің облыстық ауруханада менің тек аяғымды ғана емдеген еді, ал алматылық емханадағылар омыртқамның сырқатынан аяғымның ауырғанын түсіндірді.
Жаңбырбайдың айтуынша, ол енді ұлын институтқа түсіруге дайындамақ. Нұржанның өзі де білім алып, жұмыс істеуге құлшынып отыр. Ауыр науқасына қарамастан, ол өзін жақсы көретін отбасының арқасында кемшілікті сезінбеген. Мектепте КВН-ға қатысатын Нұржанның достары да көп. Ол ән айтады, дискотекаға барады, бейнероликтерді монтаждайды және өз құрдастары секілді, күні бойына әлеуметтік желіден «түспейді» екен.
- Операцияға дейін үйдегі барлық қара жұмыстарды Нұржан жасайтын. Қазір оған сыртқа шығуға болмайды. Жаңа жыл кешінде достары оны алып кетуге машинамен келген еді. Оған көңіл бөліп жүрген қыздар да аз емес, - деп жымияды анасы.
«1 арнадағы» «Пусть говорят» бағдарламасында (сол бағдарламадан кейін ол бүкіл ТМД-ға танымал болған еді) Нұржан әңгімелеген қыз басқа жігітке тұрмысқа шығып кетіпті.
Нұржанның өзі болса, ол қызды ұмыттым деп сендіреді.
- Достарыммен клубта концерт пен КВН ұйымдастырғымыз келген, бірақ әдеттегідей соңы төбелеспен аяқтала ма деп қорқамын. Соңғы кездері ауылда тыныштық жоқ. Жастардың басқа айналысар істері болмағасын, олар төбелесуге құштар. Кешегі төбелесте екі баланың басын жарып қойыпты деп естідім. Атырауға тікұшақпен алып кетіпті дейді. Ал Миялыда (аудан орталығы – Л.С.) бізге қарағанда анағұрлым жақсы. Серуендеуге болатын Арбат секілді бірнеше бағы мен көшелері бар. Біздегідей емес, әйтеуір баратын жер бар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, суретті түсірген автор
Бет қатталып жатқанда Осы аптада Нұржанға Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен қоңырау шалып, таяу күндерде тапсырылған Нұрсаядағы үйлердің бірінен оған пәтер бөлінетінін хабарлапты. Естеріңізге салсақ, сирек кездесетін сырқатына байланысты көп жыл бұрын білікті медициналық көмек алуға жақын болу үшін оны облыс орталығынан баспана алу кезегіне қойған болатын.