Жуырда Алматы қаласында физика, математика, информатика пәндерінен өткен Жәутіков атындағы VIII халықаралық олимпиадада Атырау облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары алтын медальға қол жеткізді.
- Біздің оқушыларымыздың бұл алғашқы алтын медалі. Олар мұндай іргелі жарысқа алдындағы олимпиадалардан да жүлделі орындар алып жүргесін қатысуға мүмкіндік алды, - дейді қазақ-түрік лицейінің информатика пәні мұғалімі Эльбрус ПИРИЕВ.
Жалпы, олимпиадаға 18 мемлекеттің білім қуған жастары қатысқан. Бұл пәннен барлығы 110 бала білім жарыстырған. Ал Атырау облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары олимпиадаға информатика пәні бойынша бақ сынасып, жүлдеге ие болды. 1-орынға ие болған алтын медаль мен 3-орын қоланы егіз балалар Нұржан мен Ержан Дүйсеналиевтер алды. Олар қазір 11-сыныпта оқиды. Ал 2-орын алған күміс медаль иегері Елдар Аймақов 10-сынып оқушысы.
Лицей оқушылары болашақта ІТ маманы болуды көздейді. Олар былтыр ғана ТМД елдері арасында өткен информатика пәнінен ІІІ-ші Еуразия олимпиадасында іргелі орындар алып қайтқан болатын.
Айта кету керек, бұл үшеуіне де олимпиадалардағы жетістік-тері үшін оқу гранттары ұсынылды. Мәселен, биыл мектеп бітіретін ағайынды Дүйсенәлиевтер Қазақ-британ техникалық университетіне, халықаралық ІТ университетіне немесе Сүлеймен Демирел атындағы университетке тегін оқуға түсе алады.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор