Өткен жексенбіде, қаңтардың 22-сі күні Жаңаөзенде қаза болғандарды еске алу үшін Атыраудағы тіркелмеген "Алға" партиясының кеңсесінде елу шақты адам жиналды.
Олардың арасында атыраулық мемлекеттік емес ұйым, оппозициялық партия өкілдері мен қарапайым қала тұрғындары болды.
«Алға» партиясының белсендісі Минал КЕНЖЕКОВ қаза болғандардың рухына арнап құран бағыштады. «Бұл адамдардың өліміне кінәлілер тезірек ар жазасы мен сот жазасын тартсын» десіп, жиналғандар бет сипасты.
-Қаңтардың 22-сі күнгі қаралы митингке билік рұқсат берген жоқ. Бірақ қара жамылған Маңғыстау халқына ынтымақтығымызды білдіру үшін әр айдың бірінші жексенбісі күні сағ. 14.00-де (мәселен, 5-ақпан, 4-наурыз, т.б.) қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішіне барып, марқұмдарды еске алып тұру үшін ешкімнің рұқсатының бізге керегі жоқ,-деді еске алуды ұйымдастырушылардың бірі Макс БОҚАЕВ жиналғандарға. – Себебі үкімет бізге «кім атты? неге атты? Жаңаөзендегі жағдай қалай қалыптасты?» деген сауалға нақ жауап бергенше ескерткіш алдына бара беру азаматтық борышымыз.
Ал жиынға келгендердің бірі Жаңаөзен құрбандарына тура 40 күн толатын 26 қаңтар күні сағ. 13.00-де орталық мешітке жиналып дұға қылуды ұсынды. Бұл ұсыныстардың барлығын да қаралы жиынға келгендер құп алды.
Жиын соңында зейнеткерлер КЕНЖЕБАЕВА мен ҒАЗИЗОВТАР Жаңаөзендегі жаралылар үшін әрқайсысы екі мың теңгеден көмек ақша ұсынды.
- Елдігімді көрсетейік. Зейнетақымыздан бір-екі мың теңгеден жырып, жауырындағы оқпен жүрген жаңа-өзендік мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиевке қаржы жіберейік, оқты алдыртсын. Өздеріне жауған оқты резеңке оқ екен деп тұра беріп, қол-аяғынан жараланған жастар көп. Соларға жәрдемдесейік,-деді З.Кенжебаева.
Содан соң барлығы Жеңіс саябағындағы саяси қуғын- сүргіндер ескерткішіне барып Жаңаөзен құрбандары рухын минуттық үнсіздікпен еске алды.
6 қаңтарда «Арлан» үкіметтік емес ұйымы жетекшісі Макс БОҚАЕВ бұған дейін Жаңаөзенде құрбан болғандарды еске алу үшін Атыраудағы бірнеше орталық алаңдардың бірінде қаралы митинг өткізуге рұқсат сұрап қалалық әкімдікке хат жолдаған еді. Оған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Айжан ҚАРАБАЕВА «Нұр Отан» ХДП Жас Отан жастар қанаты Атырау облыстық филиалы 22 қаңтарда Исатай-Махамбет, Дина Нұрпейісова, Құрманғазы алаңдары мен Жеңіс бағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші алдында «Атырау менің мақтанышым», «Жастар жарқын болашақты қалайды» атты флэш-моб өткізгендігін хабарлаған.
Бұл кезде сағат 14.00 болған еді. Макс Боқаевпен бірігіп орталық алаңдарда не болып жатқанын білу үшін қаланы араладық. Қызығы сол, Құрманғазы, Дина Нұрпейісов атындағы бульварлар мен саяси-қуғын сүргін құрбандары ескерткіші маңында тірі жан болған жоқ, бірен-саран полицей патрульдері ғана көзге шалынды.
Ал Исатай-Махамбет орталық алаңында сырттағы 15 градус аязға қарамастан мектеп оқушылары би билеп, ән салып жатқанын көріп таң қалдық.
-Жаңа жылдық мерекеге орай концерт беріп жатырмыз,-деп мәлімдеді мектептен тыс жұмыс орталығы қызметкері Жайнар НҰРМАНҒАЛИЕВА.
- Қалай сонда? Жаңа жыл өтіп кеткен жоқ па?
- Өтіп кетсе да атыраулықтардың көңіл-күйін көтеру үшін өткізіп жатырмыз. Оған түрлі мектептердің оқушылары, өзіміздің ұстаздарымыз белсене, барлығымыз қатысып жатырмыз.
Сәния ТОЙКЕН
Суреттерді түсірген автор