АСТАНА. 20 қаңтар. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Серік Ахметов Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысының активіне өңірдің жаңа басшысы Әбілғазы Құсайыновты таныстыру барысында мәлім етті.
Өз кезегінде С.Ахметов жоғары сенім білдіргені үшін Елбасына алғысын айтып, Үкімет алдында тұрған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігері мен тәжірибесін аянып қалмайтындығын айтты.
Серік Нығметұлы Ахметов 1958 жылғы 25 маусымда Қарағанды облысында туылған. Білімі жоғары. Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт - ЖТОО-ны, Ресей Басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында бастады.
1983 жылдан 1990 жылға дейін партия және комсомол органдарында, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды.
Кәсіпкерлікпен шұғылданған, Орталық-Қазақстандық «Кең дала» тауар биржасының президенті болды.
Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
2006 жылдың қыркүйегі мен 2009 жылдың қарашасы аралығында - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі.
2009 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының әкімі.
«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Дереккөз. "baq.kz"