Атырау, 24 қараша 00:04
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ҚМГ БӨ: барлығына жұмыс береміз

3 303 просмотра

«ҚМГ БӨ» АҚ жаңа басшылары енді жұмысшылармен ерекше байсалды және кең пейілділікпен сөйлесетін болады.
Мұндай мәлімдемені 16 қаңтарда Ақтау қаласында журналистермен болған кездесуде ҚМГ БӨ бас директоры Алик АЙДАРБАЕВ жасады.
Оның айтуынша, компанияның жаңа бұрғылау және көлік кәсіпорындары тіркеуден өтіп үлгерген екен.
- Кәсіпорындарды құру үшін 20 миллиард теңге бөлінген. Ұңғыларды  жер асты жөндеу бригадасының екеуі құрылып, өз жұмыстарына кірісті. Барлығы 1700 жұмысшы жұмысқа орналастырылды.  
Алайда, жаңа кәсіпорынға жұмысқа қабылдау қаңтар айының аяғына дейін жалғасады. Ендігі қалған уақытта ереуілші мұнайшыларға бір шешімге келуге тура келеді.  Жұмыстан шығарылғандардың барлығы бұрынғы жұмысындағыдай еңбекақы алатын болады.
Бірақ, «Қаражамбасмұнайдағы» жұмыстан шыққан 900 адамның тек 600-і ғана жаңа жұмысқа орналасуға келісім берді.
- Бүгінгі күні Қаражамбаста 300-дей адам өздеріне ұсынылған бос жұмыс орынынан бас тартты,-дейді ҚМГ БӨ-нің жаңа бас директоры. – Біз оларды мәжбүрлей алмаймыз. Бәлкім, олар қайтадан құрылған кәсіпорындардың рентабель-ділігіне сенбейтін  болар. Алайда, біз жоғалтқан сенімді қайтаруға тырысып бағамыз. Қазір біздер мынадай принциптерге жүгініп отырмыз: біз адамдармен байсалды да тілектестік ниетте әңгімелесетін боламыз. Егер ол (жұмысшы – Ред.) бас тартатын болса, онда біз басқа жаңа бос жұмыс орындарын ұсынамыз.
Сондай-ақ, Алик Айдарбаев  жұмыстан шығарылғандардың тергеуде жүргендеріне қарамастан барлығының бірдей жұмысқа қабылданатындығын мәлім етті.
-Біз оларды бөліп жармаймыз. Біздің қазіргі саясатымыз бұрынғы орын алған келіспеушіліктерді ұмытып, ұжым ішінде бейбіт ахуалды қалыптастыру болып отыр.
Айдарбаев мырза түсіндір-гендей, компанияны алда үлкен кадрлық ауыс-түйістер күтіп тұрған көрінеді.
-Кадрлық ауыс-түйістер қазірдің өзінде басталып кетті. Басшылық лауазымдарға біз тек тәжірибелі, жұмысшылармен жұмыс жасай білетін және оларға қамқорлық танытатын  адамдарды ғана тағайындайтын боламыз. Жаңаша жұмыс жасауды қаламайтын немесе жұмыс жасай алмайтындармен  қош айтысамыз. Компанияның бас кеңсесі Астанада орналасқандықтан  біздің «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» филиалдарындағы өзара қарым-қатынаста  бірқатар кемшіліктер бар. Президент «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» кәсіпорындарына өкілеттілігі мен дербестігі басымырақ болуы керек,  біз де  бұл жүйені ұстанатын боламыз деп айтты.
(Айтпақшы, бізге «Өзенмұнайгаз» ӨФ директоры Киікбай ЕШМАНОВТЫҢ өз лауазымдық қызметінен босатылғандығы белгілі болды. ӨМГ ӨФ директорының міндетін уақытша Абзал МЕҢДІБАЕВ атқарып отыр).
Айдарбаев мырзаның айтуынша, «орташа еңбекақы» деген түсінік қолданыстан алынып қалады, өйткені, оның мағынасын мұнайшылар ұқпауы мүмкін.  
- Еңбекақы туралы айтқан кезде біз енді жұмысшылардың нақты мамандықтары мен разрядтарын ескеретін боламыз. Айталық, ӨМГ-дың  5-разрядты операторы 153 мың теңге алса, 5 разрядты жүргізуші – 144 мың теңге алады.  Алайда, бұл таза тарифтік ставка. Оған сыйақы, «түнгі» жұмыс ақысы және т.б төлемдер қосылатын болады.
ҚМГ БӨ 2012 жылға жоспарлап отырған өндіру көлемі  негізгі активтер бойынша 8 615 мың тоннаны, оның ішінде ӨМГ ӨФ – 5 800 мың тонна, ЕМГ ӨФ – 2815 мың тоннаны құрайды.  
Сәния ТОЙКЕН

19 қаңтар 2012, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.