12 қаңтарда кезектен тыс саяси кеңес өткізген «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы мәжіліс депутаттығына үміткер Айгүл СОЛОВЬЁВАҒА (суретте) қатысты Индер, Құрманғазы аудандары тұрғындарының шағымдарын қарады. Оған кандидаттың қазақ тіліне нашарлығы арқау болған.
«Мәжіліс депутаттығына қайта дауысқа түсіп жатқан Айгүл Соловьёваның сайлаушылармен кездесуі кезінде көптеген келеңсіз жағдайлар орын алды, - делінген шағымдардың бірінде. - Біріншіден, Соловьёва біздің өлкемізге қатысы жоқ адам: ол партияның орталық аппаратының тізімі-мен ұсынылып отыр... Тұрғындардың 92 пайызы қазақтарды құрайтын облыста өткен кездесулерде қазақ тілінде сөйлей алмай және сөйлеушілердің сөздерінің мәні мен мағынасын түсінбеуі өз кезегінде адамдардың ренішін тудырды. Бұның барлығы партия беделін төмендетпек. Егер А. Соловьёва депутат боп сайланған жағдайда бұл Атырау облысы халқының үлкен наразылығын тудырады. Біз орталық аппараттан Соловьёваның кандидатурасын «Нұр Отан» партиясының тізімінен алып тастауды сұраймыз».
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес ҚОСЫБАЕВ түсіндіргендей, тұрғындардың шағымы орталық аппаратқа жолданған. Ақырғы шешімді солар қабылдайтын болады.
Айгүл Соловьёваның өзі мұның бәрін әдейі жасалып отыр деп есептейді:
- Мен сайлаушылармен тек қазақ тілінде ғана сөйлесемін. Шамасы «қолайсыз» кандидат шығармын, өйткені Астанада сыбайлас жемқорлық жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамындамын. Әрі біздің атыраулық аймақ шенеуніктерінің тарапына әлденеше рет сын да айтқан едім. Мұндай нәрселер әдетте кешірілмейді ғой. Бәлкім, үміткерлердің бірі мені өзінің бәсекелесі деп есептеген шығар.
Ол біздің аймағымызға партия бағдарламасын түсіндіру үшін 12 қаңтарда келген.
- Кездесу кезінде мен сайлауға Атырау облысынан емес, орталық аппараттан қатысатынымды, ешкімге кедергі келтірмейтінімді айтып бәрін тыныштандырдым. Мұның бәрі кандидаттар тізімінің қалай жасалатынын білмегендіктен және түсінбегендіктен де шығар, - деді Айгүл Соловьёва. – Барлық жерде мені депутаттыққа кандидаттық тізімінен алып тастапты деген әңгіме айтылып жүр. Бірақ ешқандай да облыстық саяси кеңес менің кандидатурамды бекіткен партия съезінен кейін шығарып тастай алмайды.
Естеріңізге салсақ, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі Айгүл Соловьёва IV шақырылым Мәжілісінің депутаты болды. «Нұр Отан» 2011 жылдың 25 қарашасында өзінің кезектен тыс XIV съезінде Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімін бекітіп қойған еді. Бұл тізімге Айгүл Соловьёва (90-жылдардың басында Алматыдан келген химия ғылымдары кандидатының жергілікті сүт комбинатында заманауи өндірісті жолға қоюға тырысқаны атыраулықтардың есінде шығар) тағы да енген болатын.
Сәрсенбі күні түс ауа ақпараттық агенттіктер «Нұр Отан» саяси кеңесі партиялық тізімінен Мәжіліс депутаттығына 83 адамның кандидатурасы бекітілгенін хабарлады. Олардың қатарында Айгүл Соловьёва да бар. Біз бірден Айгүл Сағадибекқызына қоңырау шалған едік. Ол Атырау облысындағы өзіне қатысты орын алған жағдай туралы мынаны әңгімелеп берді:
- Мен бір үлкен сабақ алдым. Бірақ маған менің тарапыма жасалған айыптаулар түсініксіз болды. Өйткені облыста мен қазақ тілінде сөз сөйлеп, сұрақтарға да қазақша жауап берген едім.
Атыраулық «Нұр Отан» саяси кеңесі мүшелерінің партиялық ұстанымы жоқ екендігіне өкініш білдіремін. Олар менің кемшіліктерім жөнінде тура бетіме айтып, мені өз отырыстарына шақыруларына болар еді, ол кезде мен сол жерде болдым ғой. Кешкісін аяқ астынан саяси кеңес өткізудің не қажеті бар еді, ақыры осыны түсіне алмадым.
Маған олар НКВД-ның үштігін еске түсірді: олар да түн жамыла жиналып, өз әріптестеріне қатысты шешім қабылдаған еді ғой.
Сәния ТОЙКЕН