Жаңаөзенде сайлау өткенімен халықтың белсенділігі өте төмен болды. Жаңаөзендегі сайлау учаскелеріне қатысқан халықаралық бақылаушылар осындай баға берді.
Жаңаөзенде болып қайтқан саяси сарапшы Маргарита АССЕНОВАНЫҢ (Вашингтон) айтуынша, төтенше жағдай жарияланған қалада сайлау өткізу өте қиын. Дегенмен ол сайлау учаскелерінде полицейлер мен сарбаздардың болмағанын атап өтті.
- Біз ІІМ ішкі әскерінің көп патрулін байқадық: олар бүкіл қалада, әр бұрышта болды, - дейді Маргарита. – Бірақ олар сайлау учаскелерінде байқалмады. Ол жерде қоғамдық тәртіп үшін жауап беретін әкімдіктің күзетшілері ғана болды. Бірақ олар сайлау процесіне араласқан жоқ.
М. Ассенова түсіндіргендей, ол және оның әріптестері болған учаскелерде сайлаушылардың 50-70 пайызы дауыс беріпті.
- «Нұр Отан», ЖСДП және «Ақ жол» партияларының үміткерлері көш басында болды. Алайда қорытындысын әлі білмейміз, - деді ол.
Сондай-ақ, Маргарита Ассенова Жаңаөзенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды тез арада қолға алу керек деп есептейді.
- Жаңаөзенде жастар өте көп. Мен олардың жалпы түңіліп кеткендерін және қобалжу барын байқадым. Жаңаөзенннің жан ауыртар жарасы сезіліп тұрды. Ол жердегі адамдар не болғанын бізге әңгімелеп берді. Олардың жауап алғылары кеп жүрген сұрақтары өте көп. Мұндай шермен дүние жүзінің бірде-бір қаласы ұзақ өмір сүре алмайды. Адамдардың өмір сүру жағдайын шұғыл жақсарту қажет: өйткені олар да үлкен қалалардағы тәрізді өмір сүруге құқылы.
Ал жаңаөзендіктердің айтуынша, жексенбі күні кешке таман сайлау учаскелеріндегі күзет күшейтілген.
Жаңаөзен коменданты Аманжол ҚАБЫЛОВ қаладағы қоғамдық тәртіпті ІІМ-нің жеке құрамының екі мыңдай адамы қорғайтынын хабарлады.
- Коменданттық режим 31 қаңтар таңертеңгі сағат 7-ге дейін сақталады, - деді ол. – Сайлау кезінде сайлау учаскелерінің қызметкерлеріне таңертеңгі сағат 6-дан бастап жұмысқа кірісулері үшін арнайы рұқсат қағаздары берілді. Басқа аймақтардан келген полицейлер осы жерден дауыс береді.
Оның айтуынша, сайлау күні Жаңаөзенде қылмыстар тіркелген жоқ.
Сәния ТОЙКЕН