Атырау, 23 қараша 20:32
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тексерудің бәрі бірдей заңды емес

2 273 просмотра

Қалалық прокуратура өткен жылдың сәуір айынан бастап «Шенеунік және кәсіпкер»  акциясын жүргізіп келеді.   Оның мақсаты – жекеленген ведомстволардың тексеруді «өте қатты қалайтын» шенеуніктерінен кәсіпкерлердің құқын қорғау. Өткен жылы заңсыз жүргізілген 66 тексеру анықталды. 12 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке және тағы алтауы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қала прокурорының көмекшісі Данияр ТӨЛЕГЕНОВТІҢхабарлағанындай, өткен жылдың мамыр айында қалалық прокуратураның сенім телефонына қаладағы кафелердің бірінің қожайыны қалалық, аудандық ветеринарлық-санитарлық инспекторлардың заңсыз тексеру жүргізгендігі туралы қоңырау шалған. Кафе қожайынын оларда тексеру тағайындау жөніндегі акттің болмағандығы күмән келтірген. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі акция аясында прокуратурада құрылған мобильдік топ қоңырау иесінің атаған мекен-жайына келіп жеткен. Кафе иесінің күдігі расқа шықты, тексеру заңсыз  жүргізілген екен. Екі инспекторға да айыппұл салынды.

Атырау қалалық аумақтық ветеринарлық инспекцияны және қалалық төтенше жағдайлар басқармасын тексеру барысында ҚР «Мемлекеттік тексеру және қадағалау туралы» заңының бұзылғандығы анықталды. Жекелеп айтар болсақ, қалалық аумақтық ветеринарлық инспекция бастығы «Ветеринария туралы» заң талаптарының орындалуы бойынша 2011 жылдың 20 шілдесінде «Атырау-Агросервис» ЖШС-не тексеру тағайындау туралы акт қабылдаған. Инспекторлар тексеруді жүргізгенімен іс жүзінде тексеруге негіз болған актті олар кәсіпкерге көрсетпеген.

Қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы «777» көлік жуу орынында «Өрт қауіпсіздігі туралы» заң талаптарының орындалу барысына жоспарлы тексеру тағайындау жөнінде 2011 жылдың 8 маусымында акт қабылдаған. Алайда, бұл жағдайда көлік жуатын орын иесі актпен таныстырылмаған.

Осы аталған заң бұзушылықтарды жою туралы прокуратура ұйғарымдар шығарды, 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Д. Төлегенов өткен жылдың 28 желтоқсанында ҚР «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнаулы есепке алу туралы» Заңына өзгерістер мен қосымшалар енгізу жөніндегі» заң қабылданғандығын мәлім етті. Осы заңға сәйкес, құқықтық статистика органы ҚР заңнамаларының бұзылуы анықталған жағдайда тексеру тағайындау жөніндегі акттерді тіркеуден бас тартуға құқылы, сондай-ақ, тексеру және қадағалау органдары жүзеге асыратын арнаулы есепті жүргізе алады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 қаңтар 2012, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.