Атырау, 23 қараша 20:01
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстандықтарды тек қағаз жүзінде көтерген

2 315 просмотра

Атырау облысының прокуратурасы «Қазмұнайсервисис  энд  Контрактинг» ЖШС-не тексеру жүргізді. Кәсіпорында 237 шетелдіктің – көпшілігі Үндістан азаматтарының заң бұзушылықпен жұмысқа алынғаны анықталды, - деп хабарлады Атырау облыстық прокуратурасы басқармасының прокуроры Ахтан ҚУАНОВ.

2009 жылдың 18 шілдесіндегі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шешіміне сәйкес, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру кезінде жұмыс берушіге ерекше шарттар жүктелген. Оның бірі шетелдік жұмыс күшін алдағы уақытта қазақстандық кадрлармен алмастыру үшін ҚР-ның бір азаматының біліктілігін көтеру боп табылады.

Ерекше шартты орындауда «Қазмұнайсервисис  энд  Контрактинг» ЖШС-де электрик Есенғалиев Е. «Мистер Доорс-Атырау» ЖШС-не біліктілігін көтеруге жіберіліп, 2009 жылдың қарашасында бұрын техник-электрик лауазымын атқарған шетелдік маман Патидар Мукешті алмастырыпты.

Бұдан басқа, бұрын техник-электрик қызметін атқарған шетелдік маман Джиярадж Мадхаванмен еңбек келісім-шарты бұзылып, оның орнына қазақстандық маман Досқалиев М. жұмысқа алынған.

Алайда құжаттарды тексеру барысы бұл алмастырулардың тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асқанын көрсетті. Есенғалиев бұрынғыша электрик қызметін, ал Досқалиев түрлі жұмыстарды атқарып жүрген.

Квота бөлу ережесіне сәйкес, ерекше шарттың орындалмауына байланысты әрі қарай шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмеуі және рұқсат мерзімі ұзартылмауы тиіс болатын. Бірақ облыстық жұмыспен қамту басқармасының комиссиясы «Қазмұнайсервисис энд Контрактинг» ЖШС үшін 2010 жылдың шілдесінен бастап 107 рұқсат құжатын беріп, 229 рұқсат құжатының мерзімін ұзартқан.

Бұдан басқа, рұқсат құжаттарында көрсетілген қызметтерге сай келмейтін лауазымға шетелдік жұмысшыларды тарту фактілері анықталды. Мәселен, Корратагири Папaйя Ирудаярядж электр механигі ретінде жұмысқа алынған. Ал іс жүзінде ол кеңесші боп қызмет істепті. Осындай заң бұзушылықтар тағы 11 адамға қатысты анықталған.

Прокуратура Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына «Қазмұнайсервисис энд Контрактинг» ЖШС-не шетелдік мамандарды тартуға берілген 237 рұқсат қағазын кері қайтарып алу жөнінде ұйғарым жолдады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

18 қаңтар 2012, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.