«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2011» атты республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор София САҒЫНДЫҚОВА ең үздік мұғалім атанды.
Жалпы, әр облыстан байқауға қатысуға 600-ден астам ұстаз тілек білдірген. Ал былтыр 850-ге жуық оқытушы қатысқан еді. Министр Бақытжан Жұмағұлов төрағалық еткен республикалық байқау комиссиясының шешімімен еліміздің жоғары оқу орындарының 200 оқытушысы үздік деп танылып, мемлекеттік грантқа ұсынылып отыр.
Байқау комиссиясы Парламент депутаттарынан, мемлекеттік органдар өкілдерінен, «НұрОтан» ХДП орталық аппаратының өкілдерінен, білім және ғылым кәсіподағының жұмысшыларынан құрылды.
Жуық арада оқытушыларға мемлекеттік грант салтанатты түрде тапсырылуға тиіс. Әзірге аталмыш гранттың көлемі белгісіз. Үздік деп танылған оқытушыларға берілген өткен жылғы грант көлемі 3 млн теңгеге жуық болатын.
Айнұр САПАРОВА