Атырау, 23 қараша 20:35
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облысының әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ облыс халқын сайлауға шақырады

3 926 просмотра

Құрметті атыраулықтар!

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын зор өрлеу үстінде атап өткен еліміз тағы бір аса маңызды саяси науқанның табалдырығында тұр. Үстіміздегі жылдың 15 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы өтеді.

Ел өмірінде, оның басқару саласында ерекше із қалдыратын бұл саяси науқанның бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда өзіндік өзгешелігі де бар. Өйткені, тұңғыш рет Парламенттің төменгі палатасы көппартиялық жолмен құрылмақшы. Егемендік алған кезден бастап даму үрдісінде демократиялық жолды таңдаған елімізде шын мәнінде халық қолдауына ие болатын саяси күштерге де Парламенттен лайықты орын берілмекші. Қазір олар сайлауалды бағдарламасын жасақтап, жұртшылықпен жүздесіп жүр. Халық кімді таңдайды, қай партияны қолдайды – оны сайлау нәтижесі көрсетеді.

Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттар сайлауы да аса зор маңызға ие. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына әр округ бойынша екі және одан да көп үміткерлер тіркелген. Мұнда да сайлаушыларға лайықты адамды таңдауға мол мүмкіндік бар. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Қандай таңдау жасау әркімнің өз еркінде. Міне, елімізде нық орныққан шынайы демократияның нақты көрінісі осы.

Сайып келгенде, жыл санап жаңарып келе жатқан өңіріміздегі оң өзгерістерге депутаттар корпусының да қосқан үлесі қомақты. Атқарушы билік әр уақытта онымен санасып, барлық істі бірлесіп атқарып келді. Соңғы жылдары бой көтерген ондаған мектеп пен аурухана, балабақша мен емхана, спорт және мәдениет ошақтары, өзге де әлеуметтік нысандар – осы бірлескен істің жемісі. Демек, халық сайлайтын келешек депутаттар да шын мәнінде сайлаушылар сенімін ақтап, олардың мұң-мұқтажын білдіретініне сенім мол.

Құрметті атыраулықтар! Баршаңызды 2012 жылғы 15 қаңтарда өтетін сайлауға белсене қатысуға шақырамын. Сіздер заң шығарушы және өкілетті органға лайықты адамды таңдай отырып, өзіңіздің және отбасыңыздың бүгінгіден де жақсы тұрмыс кешуіне дауыс бересіздер. Яғни, ел басқару ісіне араласу мүмкіндігі берілді. Ендеше, осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.

12 қаңтар 2012, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.