Атырау, 23 қараша 20:05
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қаңтарда қармақ қаңтарылып қалды

2 717 просмотра

Балық қорғау қызметінің хабарлауынша, биылғы қаңтарда облыстағы су қоймаларында спорттық әуесқойлық мақсатта балық ауланбайды.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бастығы Мәншүк ТЕМЕШЕВАНЫҢ айтуынша, бұған балық аулау лимиті туралы үкімет қаулысының кешігуі себеп болып отыр. Қаулы жобасы дайын, бірақ экологиялық  сараптамадан өтпеген. «Жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға арналған квоталарды бөлу қағидаларының» 3-тармағына сәйкес, лимитті үкімет бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде әуесқойлық, ғылыми-зерттеу, бақылау, мелиоративтік және басқа түрдегі балық аулауды жүзеге асыруға квота белгіленеді. Олардың мөлшері жалпы лимиттің 2 пайызын құрауы тиіс. 

Қолданыстағы Балық аулау ережесінің 4-тармағының 25-тармақшасына сәйкес, өкілетті аумақтық бөлімше, яғни, балық қорғау қызметі берген рұқсат қағазы болған жағдайда әрбір әуесқой балық аулаушыға бір шыққанда 5 келіге дейін тегін балық аулауға рұқсат берілген.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы (жағалауда, обамен күрес стансасы маңында) аталмыш үкімет қаулысының жоқ болуына байланысты қаңтар айына балық аулауға рұқсат бермей отыр. Алайда бұл құжат бірер күнде келіп қалуы мүмкін. Ақпан айына рұқсат қағазы бұрынғы тәртіппен берілетін болады.

Рұқсат қағазы арнайы үлгідегі бланкада нөмірмен басып шығарылады. Ол бір айға жарамды. Оны алу үшін балық қорғау бөліміне өтініш, жеке бас куәлігі мен СТН беру керек.

Балық аулау ережелеріне сәйкес, егер ауланған балықтың салмағы 5 келіден асып кетсе, онда асып кеткен салмақ рұқсат қағазының келесі жағына жазылуы тиіс және оның төлемақысы ауланған сәттен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс.

ҚР Салық Кодексінің 501-бабына сәйкес, ірі қара балықтардың (сазан, тұқы, ақмарқа, беріш, жайын, дөңмаңдай, шортан, көксерке және т.б.) әрбір асып кеткен келісі үшін төлемақы 0,017 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), ал ұсақ қара балық (табан, аққайран, мөңке, алабұға, қылышбалық, торта және т.б.) үшін 0,008 АЕК құрайды. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір АЕК мөлшері 1618 теңге болды. Осылайша, он келілік сазан сізге 0,017 х 1618 (артық келі құны) х 5 (нормативтен тыс аулау салмағы) = 137 теңге 53 тиынға шығады. Қала базарларында мұндай балықтың бағасы  ең кемі 2 мың теңге. Сондықтан әлбетте балық аулаған жақсы-ау. Бірақ ақпанға дейін шыдай тұруға тура келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В.Истомин

12 қаңтар 2012, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.