3 мамырда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ қылмыстық ісі бойынша қорытынды сот отырысы өтті.
Сотталушыларға соңғы сөз сөйлеу құқығы берілді.
Өтеуов:
- Ең алдымен өз ата-анамнан, жұбайым Индирадан, қызымнан, туыстарымнан, зардап шегушілер - Михаил Кан мен Жаннат Жұпаровадан кешірім сұраймын. Осылай болғанына қатты өкінемін.
Мені қалыптасқан жүйе осы жағдайға жеткізді. Мен түзеліп, абақтыдан шығамын, Қазақстанның өнегелі азаматы боламын, жұмыс істеймін... Ата-анама жыламаңыздар дегім келеді. Жаза мерзімі біткен соң шығамын...
Осы қылмысты Асан Құрбанбаевпен бірге жасадық. Оған айып тағылмады. Мен бүкіл шындықты айттым, бар нәрсеге мені айыптады. Ішкі істер органдарының абыройына нұқсан келтіргенім үшін бәріңізден кешірім сұраймын. Атырау тұрғындарынан өтінерім, кешіре алсаңыздар мені кешіріңіздер...
Құрбанбаев:
- Менің ұрлық жасап, кісі тонау ойымда болған жоқ. Мен Өтеуов туралы ІҚБ қызметкерлеріне барып, айттым. Бірақ олар менен арыз қабылдамай, кері Өтеуовке қатысты ақпарат жинауға жіберді.
Сол күні сағат 16-да судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА үкімді жария етті.
М.Өтеуовті полиция лейтенанты шенінен айырып, қатаң режимдегі колонияда 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасына үкім кесілді. Сонымен қатар, Өтеуовтен зардап шегушілер пайдасына: Мәншүк Мырзағалиеваға - 35 мың теңге, Михаил Канға - 54 мың теңге, Жаннат Жұпароваға - 1 млн 371 мың теңге материалдық зиян және М.Кан мен Ж.Жұпароваға 3 млн теңгеден моралдық зиян өндіріліп алынады.
А.Құрбанбаев жалпы режимдегі колонияға 4 жылға бас бостандығын айыру жазасына кесілді (басқа жаққа кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын 2016 жылдың 3 мамырынан бастап қамауға алу шарасына өзгерту). Құрбанбаев сот залында қамауға алынды.
Судья Г.Дәулетова облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев пен облыстық ІІД бастығы Арман Жалмұхамбетовтің тарапына шығарылған: ІҚБ (Ринат Дагаров пен Артур Имановтың) және қалалық криминалдық полиция басшылығының (Нұрболат Қабдешев пен Бейбіт Шалтеновтің) жұмысында анықталған заң бұзушылықтарға назар аударып, шаралар алып, бір ай ішінде баяндау туралы жеке ұйғарым мәтінін оқыды.
Өтеуов үкімді төбеге қарап тұрып тыңдады. Үкім оқылғаннан кейін оның жұбайы ызалана шыңғыра бастады. Үкім зардап шегуші тарапқа ешқандай реакция туғызбады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА