Атырау, 29 қараша 06:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Үйді Парижден де ала аласыз!»

3 204 просмотра

Атырауда «қызықты» жаңа құрылым белсенді қызмет ете бастады. Infinite Vip Group деп аталатын компания қызметкерлері бүкіл ниет білдірушілерге пәтер сатып алу үшін елу мың доллар беруге уәде береді. Осындай ниет білдірушілердің бірі болып мен супержобаның таныстырылымына қатысқан едім.

«СІЗДІҢ БАСҚА АМАЛЫҢЫЗ ЖОҚ!»

Әлеуметтік желілердің біріндегі пост менің назарымды аударды. Пәтер сатып алғысы келгендерге ипотекалық қарызсыз, комиссиясыз, табысын растаусыз 50 000 доллар ұсынылады екен. Әлеуметтік желілерде осыған ұқсас тағы бір пост бар, бірақ онда ниет білдірушілердің барлығына көлік сатып алуға сегіз мың доллар беруге уәде берген.

Мен осы посттардың бірінің авторымен хабарластым. Ол маған кеңсесіне келу керектігін айтты. Белгіленген уақытта сол жерге бардым. Жан-жағыма қарап тұрмын. Қабырғасы ақ түске боялған, арзан орындықтары бар, қабырғаға тақта ілінген, қарапайым шағын кабинет. Қомақты соманы оңға да, солға да шашқан компания кеңсесінің жағдайы одан да жақсы болу керек сияқты еді. Бірақ бұл маңызды емес.

Маңыздысы – компания белсендісінің – қатысушыларға бірден компанияның жас екенін, ол туралы білетіндер аз екенін, біздің жолымыз болғанын, қажетті уақытта қажетті жерге келгенімізді айтқан жігіттің сөзінде еді. Бос сөз болмас үшін ол бізге қабырғадағы мемлекеттік тіркеу туралы электронды үкімет порталынан алынған анықтаманы көрсетті. Ол жерде Infinite Vip Group ЖШС-нің 2015 жылы 15 мамырда Алматыда тіркелгендігі айтылған. Қызмет ету саласы, жігіттің айтуынша, желілік маркетинг.

– Кім өз пәтерін немесе үйін сатып алуды армандамайды? Бәрі! Ал, кімде мұндай мүмкіндік бар? Рас, ондайлар аз. Бүгінгі күні сіздерде қандай амалдар бар? Мемлекеттен пәтер алу ма? Бірақ ол үшін ұзақ уақыт бойы кезекке тұру керек қой. Көп пайызбен банктен ипотека алып, сосын оны 30 жыл бойына төлеуге болады. Оның үстіне, Қазақстанның бес банкі ипотекалық қарыз беруді тоқтатты. Пәтерге ақша жинап көруге болады. Бірақ кім жасай алды? Ал, біз нақты жұмыс жасап тұрған бағдарламаны ұсынамыз. Ол бойынша сіздің әрқайсысыңыз пәтердің немесе үйдің қожайыны бола аласыздар. Тек Атыраудан ғана емес, Астанадан, тіпті, Парижден алуға болады! Сонымен қатар, сіз еш несиесіз және лизингсіз, артық төлемсіз жаңа машина сатып алуға ақшаны оп-оңай ала аласыз. Бүгінгі күні сізге ұтылмайтын осындай жолды кім ұсына алады? Ешкім! Біз Қазақстан азаматтарының әлеуметтік тұрақтылықта болуына мүдделіміз, сондықтан бір ғана жай мақсатты ұстанамыз. Әр қазақстандықтың өз баспанасы, тұрақты табысы және тіршілік ету үшін барлық игілігі болса екен дейміз, - деп жас жігіт жиналғандарды «жандырып қойды».

ҰШАҚТА ТЕК БИЗНЕС-КЛАСҚА МІНЕМІН

Сонымен, ақша береді екен. Бірақ жай бере салмайды, шарттары бар. Баспана алу бағдарламасына кіру үшін 180 доллар мөлшерінде бастапқы жарна саламыз. Осы соманың 80 доллары компания өнімдерін (бұл туралы сәл кейінірек) сатып алуға, ал, 100-і бағдарламаға қатысуға жұмсалады екен. 50 000 долларды алу үшін үш кезеңнен өту керек. Бірінші кезеңде жоба туралы ақпарат таратып, оған үш адам шақыру керек, олар да 180 доллардан ақша салады. Екінші кезеңде осы үшеудің әрқайсысы тағы үш адамнан тартуы тиіс. Осылайша тізбектеліп кете береді. Әр кезеңді жапқаны үшін бағдарламаға қатысушы ақшалай сыйақы алады. Сонымен қатар, оған жазылғандар өз кезеңдерінен өткен кезде сыйақы түседі екен. Бүкіл үш кезеңнен өткеннен кейін қатысушы 50 мың доллар сомада сыйақы алады. Арман болған соманы алу үшін жүйеге қанша адам тарту керек? Бағдарламаны таныстырған жас жігіт бұл сұраққа жауап беруден қашқақтады. Мен өзім 60 қатысушы деп есептедім, олардың әрқайсысы 180 доллардан салуы тиіс.

Көлікке сегіз мың алу үшін сәл аз сома салып, бірақ төрт кезеңнен өту керек. Алайда оның да ұзын-ырғасы сондай.

Мұндай бағдарламаға жаңа қатысушыларды тартудан басқа, компания өнімдерін – қытайлық биологиялық белсенді қоспаларды өткізіп, қосымша бонустар таба алады.

– Бірақ бұған ешкім мәжбүрлемейді. Қаласаңыздар, сатыңыздар, қаламасаңыздар, өз еріктеріңіз. Ең бастысы – тұрғын үй және көлік бағдарламасына қатысу. Мұнда бағдарламаны орындап, сыйақыны алған соң жаңа сыйақыларға қол жеткізіп, әрі қарай жалғастыра аласыз. Осылайша, сіздің табысыңыз бірнеше есеге көбеюі мүмкін. Сізге бүгінгі күні кім мұндайды ұсына алады? Ешкім!

– Мұның бәрінен компанияға қандай пайда түседі?! – деп шыдай алмадым мен.

– Ешқандай. Қатысушылардың бүкіл ақшасы олардың сыйақылары ретінде кетеді. Бағдарлама орындаған әр адам сыйақы алады.

Жас жігіт осы бағдарламаны орындағандар туралы әңгімелеп берді. Бүгінде, оның айтуынша, Қазақстанда жиырма адам бар екен. Олардың ең жасы – 19-да, ең үлкені – 76-да. Олардың ішінде осы жігіттің өзі де бар. Ол бізге бағдарламаның бүкіл кезеңін бір-екі айдың ішінде орындағанын айтып берді. Жаңа көлікті анасына тарту етіпті. Өзінің соңғы үлгідегі қымбат тұратын смартфонын, қалтасынан әмиянын алып, банктік кәртішкесін шығарып көрсетті. Сөзінің соңында ұшаққа міну талондарын жайып салды:

- Енді бизнес-класпен ғана ұшамын.

Таныстырылымда айтылғандардың бәріне кепілдік ретінде жас жігіт бізге әр қатысушымен жасалатын келісімшарттар бланкаларын көрсетті.

Мен олармен мұқият танысып шықтым. Шарттағы ең бастысы – қатысушы бағдарламаға қатысуға өз келісімін береді, бүкіл қажетті салықтарды төлеуге жауапкершілік алады, компания өз қалауынша бағдарлама шартын өзгертуге құқылы, ал, қатысушы жүйеден шыққан жағдайда оған ақша қайтарылмайды.

БЕС БЕЛГІ

…Қаржы пирамидасының моделі көптен бері бар, ол туралы бәрі білетін секілді. Оның мәнісі мынада: пирамиданың «ұшар басы» төменгі қатысушылардан кіріс алады. Қандай көп болса да, кез келген пирамида ерте ме, кеш пе, күйрейді. Ол жаңа қатысушылар тапшы болып, тиісінше, қаржылық құйылыс тоқтап, уәде етілген сыйақы төленбеген кезде орын алады.

Бірнеше жылдан бері Қазақстан аумағында қаржылық пирамиданы ұйымдастыруға, оның қызмет етуіне тыйым салынған және қылмыстық тәртіппен жазаланады. Алайда пирамиданың негізін қалаушылар алуан түрлі айла-шарғыларға барады. Мәселен, заңдастырылған желілік компанияның атын жамылады. Ал, тез әрі оңай жолмен байып кеткісі келетіндер азаймайды. Сөйтіп, ерте ме, кеш пе, жүздеген, мыңдаған адам ақшаларын жоғалтады. Өзіңізді қауіпсіз етудің ең қарапайым әдісі – еліктіретін ұсынысқа берілмеңіз, ақшаңызды күмәнді жобаларға салмаңыз.

Қаржы пирамидасының басты бес белгісі

- ақшалай қаржының елеулі сомасын салу қажеттілігі;

- үлкен пайыздар мен салынған ақшаны тез қайтаруға уәде беру;

- төлемдер алу үшін қатысушыларға олар да өз қаржыларын салуы үшін таныстарын тартуы керек;

- жоба «ноу-хау» ретінде беріледі. Онда стандартқа сай емес, күмән тудыратын жұмыстар бар;

- жоба кеңсесі «супертабысты» және «серпінмен дамыған бизнеске» сай келмейді.

Желілік маркетинг түріндегі қаржы пирамидасының бес белгісі

- едәуір мөлшердегі кіру жарнасы, әдетте, 100 доллардан басталады;

- тауар мүлдем болмайды немесе ол осы ұйымнан тысқары нарықтық құндылыққа ие емес;

- ақша қабылдау фактісі құжатты түрде расталмайды және басқа тиесілі құжаттар (жөнелтпе құжат, келісімшарт, чектер және т.б.) жоқ;

- сізге ақшаны құрылымның тауар айналымынан емес, тартылған қатысушылардың санына қарай аласыз деп айтады;

- компания жұмысында тез табыс табуға басымдылық беріледі, ал, тауар пирамида қызметін тасалау үшін ғана керек.

Тамара СУХОМЛИНОВА

14 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.