«БайшалАгроНефтепродукт» ЖШС мен «АтырауМұнай Өнімдері» АҚ Аи-92/93 маркалы бензин бағасын негізсіз көтергендері үшін айыппұл төледі. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің сайтында хабарланған.
«Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті аталмыш отын кәсіпорындарының қызметінен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу фактісін анықтады. «БайшалАгроНефтепродукт» ЖШС-нің «АтырауМұнай Өнімдері» АҚ-мен келісілген әрекеттері Аи-92/93 маркалы бензин өнімдеріне негізсіз баға көтерумен сипатталған. Арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың қаулыларымен «БайшалАгроНефтепродукт» ЖШС-не, «АтырауМұнай Өнімдері» АҚ-на монополиялық кірісі тәркілене отырып, әкімшілік айыппұл салынды» делінген баспасөз хабарламасында.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Болат СҮЛЕҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бензин бағасын негізсіз көтеру өткен жылдың аяғында тіркелген және заң бұзушылармен сот ісі ұзақ уақытқа созылған.
Баспасөз хабарламасында айыппұл сомасы - 27 022 теңге деп көрсетілген. Б.Сүлеғалиевтің айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша айыппұлдар сомасы осындай екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ