Халықаралық көпжанрлы «Черноморский олимп» фестивалінде атыраулық «Дарынды бөбектер» ұжымы «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» арнайы сыйлығына ие болды.
«Черноморский олимп» фестивалі дәстүрлі түрде Сочи қаласының үздік концерт алаңдарының бірі - «Дагомыс» кешенінің киноконцерт залында өтеді. Осы сахнада Лев Лещенко, Турецкий хорының «Сопрано-10» арт-тобы өнер көрсетіп, Ресей халық әртісі Вячеслав Гордеевтің қойылымымен «Лебединое озеро» балеті орындалды және т.б. Фестивальге Ресей мен басқа елдерден түрлі жанрдағы балалар мен жастар шығармашылық ұжымдары және солистер қатысты. Қазақстан атынан Атырау қаласының №30 балабақшасының жоғарғы топ балаларының ұжымы өнер көрсетті. Ол Атыраудағы жалғыз балабақша жанындағы домбыра үйірмесінің негізінде құрылған. Жас домбырашыларға дабылды-шулы аспаптар мен металлофонда ойнайтын музыканттар қосылды. Балабақшаның музыка қызметкері Ләззат ӨТЕГЕНОВА мен Людмила СЕНИНА есту қабілеті жақсы балаларды арнайы іріктеген.
- Байқауға бара жатқанда ұжым ұлттық нақышқа мән берді, қателеспепті, қазылар алқасы олардың әдемі костюмдері мен репертуарларын бағалаған. Балалар Ақан Серінің «Балқадишасы» мен «Балдырғандар биін» орындады, - деді №30 балабақша директоры Қамқа АЙТЖАНОВА.
Біздің балабақша балалары байқауға қатысушылардың ең жасы кішілері болса да, өз елінің намысын лайықты қорғады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек гран-приге сәл-пәл жетпей қалған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА