Атырау, 29 қараша 06:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Облыстық кардиоорталық кеңейеді

Сурет
2 297 просмотра

Облыстық кардиоорталықтың салынуға жоспарланып отырған қосымша ғимараты пациенттерді көбірек қабылдауға және қосымша қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.

НӨСЕР АУРУХАНАҒА ӘСЕРІН ТИГІЗДІ

Кардиоорталық ауласына салынатын үш қабатты ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасын «Атырауқұрылысжоба» мекемесі жасақтауда. Онда операциялық-хирургиялық блоктар, жансақтау бөлімшесі, қарқынды терапия бөлімшесі, диагностикалық бөлімше орналастырылатын болады. Ескі құрылыс өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған, медиктердің растауынша, осы уақыт ішінде ол моральды және физикалық тұрғыда ескірген, ондағы палаталар жаңа стандарттарға сай келмейді екен.

- Бірақ 2013 жылы КТК компаниясының есебінен облыстық кардиоорталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді ғой.

- Иә, КТК бізге едәуір қолдау көрсетеді. Компания ғимараттың жылыту жүйесін қайта жарақтады, ангиограф – тамырлар мен тіндердегі өзгерістерді жедел айыратын соңғы үлгідегі рентген жүйесі үшін жалғама салды, - деп жауап берді кардиоорталықтың бас дәрігері Марат ҚОНЫСОВ (суретте). – Алайда нөсер жауын мен мол жауған қардың салдарынан қаладағы гидрогеологиялық ахуалдың шиеленісуі ауруханаға да әсерін тигізді. Жерасты суларына қатысты проблемалар туындап, ғимараттың кей жерлері суға кетті. Жүргізілген сараптама ғимараттың іргетасын қайта жасау керектігін көрсетті.

- Пациенттер аурухана палаталары өте қапырық екендігіне шағымданады. Вентиляцияға қатысты проблема бар ма?

- Бұл туралы бірінші рет естіп отырмын. Менде қарама-қайшы ақпарат бар – пациенттер палаталарда өздерін жайлы сезінетіндіктерін айтады. Жөндеуге дейін ғимарат салқын деген шағымдар болды, бірақ жылыту жүйесі ауыстырылғаннан кейін бұл мәселе шешілді.

...Ескі емдеу-профилактикалық мекемесі бұрын мұнайшылар ауруханасы, кейін БСМП деп аталды. 2007 жылдан бастап бұл жерге кардиологиялық орталық орналасты. Марат Қонысовтың айтуынша, ғимарат 100 кереуетке арналған, бұлардың бәрі үнемі бос болмайды. Аптасына 7 күн бойы кардиоорталыққа облыстың әр түкпірінен пациенттер келіп түседі.

Шұғыл көмекке зәру науқастар бірден қабылданады, ал, жоспарлы емделуге мұқтаж пациенттердің кезегі мамырға дейін жалғасқан. Қабылдауға арналған орынжай мүлдем жетіспейді. Ал жаңа ғимарат емхана қуаттылығын 50 кереуетке дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

ИНФАРКТ ҚАУПІ ТӨНІП ТҰРҒАНДАР

Қан айналысы жүйесі бұзылған жандар көбеюде: миокард инфаркті, артериалдық гипертензия, ми тамырының зақымдануы, стенокардия, жүректің ишемиялық ауруы...

Кардиологтар, тіпті, «орташа статистикалық» пациентке сипаттама жасады: орта жастағы ер адам, майлы тамаққа әуес, артық салмағы бар, темекі шегетін, аз қозғалыста болатын адам. Қан айналымы жүйесі сырқатынан көз жұму саны артуда: 2014 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 95 жағдай, 2015 жылы 131 жағдай тіркелген. Орташа алғанда республика бойынша одан да нашар: өткен жылы 100 мың адамға 200 жағдай тіркелген.

Кардиолог мамандарымыз жоғары мамандандырылған алуан көмек түрлерін игергендіктен, пациенттердің тексерілу және ота жасату үшін басқа қалаларға шығу қажеттілігі жойылған. Ал, жедел және ауыр жағдайда жүрек сырқаты бар науқастар үшін бұл өте маңызды. Атырауда коронарография жасатып, стенттеуге, АКШ – аорта-коронарлы шунтирлеу, электрофизиологиялық тексеру, радиожиілікті абляция, аортаның кеуде және құрсақ бөлігінің стент-графт имплантациясын, электрокардиостимулятор имплантациясын жасатуға болады. Бұдан басқа, біздің дәрігерлер бүйрек артериясының реналды денервациясын, жатыр артериясының, простатикалық артерияның эмболизациясын орындайды. Ал, жаңа корпус салынғаннан кейін қосымша қызметтері тізімі кеңейтілетін болады.

- Кейбір қызмет түрлері сіздің профильге жатпайды, мәселен, простатикалық арте-рияның эмболизациясы...

- Рентгендік тексерудің дамуына байланысты ресурстар, атап айтқанда, облыстағы бірден-бір ангиографтың болуы бізге өз мүмкіндіктерімізді кеңейтуге және көпбейінді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, - дейді М.Қонысов. – Ең маңыздысы – гинекологиялық, урологиялық, онкологиялық науқастарға эндоваскулярлы хирургиялық оталар жасау. Бұдан басқа, бүкіл емдеу мекемелерімен келісімшарт жасадық, амбулаториялық-емханалық қабылдау жүргіземіз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.