Каспий теңізі мен Жайық өзенінде жоғалып кеткен балықшылар іздестірілуде. Бұл туралы обыстық ТЖД хабарлады.
5 сәуір күні түс қайта Исатай ауданы Жанбай ауылының 23 және 24 жастағы екі тұрғыны казанка қайығында отырып балық аулауға кеткен. Бір тәуліктен соң облыстық ТЖД-ға олардың үйге оралмағандары жөнінде хабарлама келіп түсті.
Іздестіру жұмыстары ТЖ бөлімі мен Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің күштерімен, сондай-ақ, бес қайыққа мінген жергілікті тұрғындардың көмегімен жүргізілуде. 16 сағат 40 минутта тұрғындар теңізден балықшылардың бірінің денесін тауып алды. Екіншісін іздеуге «Қазавиаспас» АҚ-ның ұшағы ұшып шықты. Сағат 19.30-дағы жағдай бойынша да балықшы табылмады.
Ал Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында құтқарушылар Жайықта 55 жастағы балықшыны іздестіруде. Ол 5 сәуір күні кешке үйден балық аулауға шығып кеткен болатын. Оның «Лада» көлігі жағада тұр. Одан басқа, қолдан жасалған қайықтың үстінде ауды жинастырып жатқанын көргендер бар. Бұл қайық өзен ағысымен бір шақырым төмен жерден табылған. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары әзір нәтиже берген жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ