Ауыр атлетика
Привокзальный ықшам ауданындағы №1 БЖСМ мамандандырылған залында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан қала біріншілігі өтті.
30 келіге дейінгі салмақта Қуаныш Мұхамбедияров (жұлқа және серпе көтеруде 38 келі), 34 келіге дейін Никита Ефремов (64 кг), 38 келіге дейін Стас Андреев (52 кг), 42 келіге Богдан Пустовалов (46 кг), 46 келіге дейін Богдан Ибадлаев (50 кг), 50 келіге дейінгі Әміржан Қарабалиев (84 кг), 56 келіге дейінгі Мейіржан Қарабалиев (81 кг), 69 келіге дейінгі Фанис Галлиев (90 кг), 62 келіге дейін Айсұлтан Имашев (75 кг), 77 келіге Нұргелді Ноғайбек (215 кг), 85 келіге дейінгі Аман Сенбиев (115 кг), 85 келіден жоғары Артур Новиков (90 кг) жеңімпаз атанды. Балаларды дайындаған жаттықтырушылар Т.Халматов, И.Мирғанбаев, А.Баймұханов және А.Өбиев.
Карате
Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында карате-до кекушинкай бойынша ҚР чемпионаты өтті.
Атырау облыстық кекушинкай карате-до федерациясы атынан 12 спортшы бақ сынады. Жарыс нәтижесінде Кристина Телятина және Шұғыла Чекалина «алтынға» ие болды (бұл Кристинаның үшінші рет чемпион атануы), Нұркен Самиғуллин «қоланы» місе тұтты.
Жас каратешілерді дайындаған жаттықтырушылар Аслан Дүй-сембай, Бауыржан Құмысқалиев және Тимур Сәрсенов.
Жастардың көпшілігі үшін бұл турнир спорт мансабындағы алғашқы сынақ болды, алайда, олар өздерін көрсете білді. Атыраулық спортшылардың ерік-жігерлері мен шыдамдылығын ҚР карате-до кекушинкай федерациясының президенті, қара белдік иегері (5-дан) Мұхтар Жолдасов атап өтті.
Жекпе-жектен соң жас спортшыларды мәдени бағдарламалар күтіп тұрды. Олар өз бапкерлерімен бірге Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайында болды. Астананың көктемгі келбетімен танысты. Балалар үйлеріне тек жаңа спорттық тәжірибемен ғана емес, ерекше көңіл-күймен оралды.
Таэквондо
Ақтөбеде таэквондодан (GTF нұсқасы) дәстүрлі «Азия жауынгері» халықаралық турнирі өтті.
Жарысқа барлық жастағы Ресей, Қырғызстан және Қазақстаннан 800-ден аса спортшы қатысты. Облыс құрамасында турнир жеңімпаздары атанғандар: 6-7 жас аралығында 20 келіге дейінгі салмақ бойынша - Матжан Берикқалиұлы, 8-9 жас 30 келіге дейінгі салмақта - Еркебұлан Орынбасаров, 10-11 жас 30 келіге дейінгі салмақта Рауан Азаматов, 13-14 жас 44 келіге дейінгі салмақта - Бауыржан Бисешов, ересектер арасында 63 келіге дейінгі салмақта - Берік Әлжанов.
Еркебұлан және Рауан «Үздік техникасы үшін» арнайы жүлдесіне ие болды, жүлдені GTF таеквондо федерациясының президенті Демид Грачев тапсырды.
Суға секіру
Алматыда суға секіруден ҚР чемпионаты аяқталды.
Атырау атынан жарыстарға қатысып жүрген 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жүлдегері Алексей Пригоров биылғы жылы Олимпиадаға бара алмайды. Өйткені, ол қазақстандық төлқұжатты жақында ғана алды, ал, лицензиялық Азия чемпионаты бұған дейін өтіп кетті. Алматыда Алексей суға жалғыз секіруден үш «алтынға» және №1 С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернатының 17 жастағы оқушысы Артем Карипановпен синхронды жүзуден бір «күміске» ие болды. Артем А. Пригоровтың тәлімгері, Украинаның еңбегі сіңген бапкері Владимир Молчановта бір жыл бойы жаттығып келеді және жетістіктері де жоғары. Сондай-ақ, Артем ересектер арасында алтыншы орынға ие болды, секіруден жастар арасында «алтынды» жеңіп алды. Атырау қоржынына «қоланы» В.Молчановтың немересі Валерия Бортко салды. 1 сәуір күні қаланың спорт сүйер жұртшылығы облыс құрамасы мен олардың бапкерін әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Р.Мусин
Муай-тай
Муай-тайдан облыс құрамасы «Атырау» ДСК өткен Қазақстан чемпионатында командалық екінші орынды жеңіп алды.
Бірінші және үшінші орынды Астана мен Алматының командалары бөлісті. Еліміздің тоғыз аймағынан келген 110 спортшы өздерінің бағын сынады. Олардың ішінде ұлттық құраманың жетекші спортшылары, әлем және Еуропа чемпионаттары мен біріншіліктерінің жүлдегерлері бар. Біздің облыстың құрамасын «Қайсар» және «Алан» (Доссор поселкесі) спорт клубтарының тәрбиеленушілері құрады. Жарыс нәтижесінде облыс құрамасының қоржынында 4 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль болды. Мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу команда спортшылары мен бапкерлердің, «Қайсар» спорт клубы басшылары жұмыстарының нәтижесі. Өз салмақ дәрежелерінде «қайсарлықтар» ішінен Еламан Саясатов, Ищан Галиев, Әбіл Ғалиев және Шыңғысхан Кенжебаев ел чемпиондары атанды. «Күмісті» Еркебұлан Асқарұлы, Айнель Қадырова, Дидар Жеңіс, Айбек Ақылбеков, Құралай Искакова, Бауырбек Мұқанжанов және Бекжан Сариев, ал, «қоланы» - Еламан Әліп, Бағытжан Нукеев, Айымгүл Асанова, Әсет Базаров, Темірғали Өтемісов және Руслан Байтуғанов иеленді.
Чемпионат қорытындысы бойынша мамыр айының аяғында Швецияда өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталды.
Самбо
Мәскеуде самбоның негізін қалаушы, спорттық және әскери самбодан әлем кубогы кезеңінің чемпионы А. Харлампиевтың мемориалы болып өтті. Қазақстан құрамасында атыраулық спортшылар да өнер көрсетті.
52 келіге дейінгі салмақта Амангелді Аманшаев үшінші орынды иеленді. Ал, тек биылғы жылы ғана Атырауда өткен ҚР чемпионатында әскери самбодан өзін көрсете білген 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Ержан Қабделов финалға дейін жетіп, ақтық жекпе-жекте Ресей құрамасының өкілінен жеңіліп қалды, нәтижесінде «күмісті» иеленді. Екі спортшы да биылғы жылы ҚР президенті Н.Назарбаев жүлдесі үшін Атырауда өтетін әлем кубогында еліміз атынан шығу құқығына ие болды. Спортшыларды облыстың аға жаттықтырушылары дайындап жатыр. Спорттық самбодан – Қайрат Досқалиев, әскери самбодан - Рустамбек Жереншиев.
Теннис
«Балықшы» ДСК-де 12 жастан 22 жас аралығындағы тірек-қозғалыс аппараттарының қызметі бұзылған мүгедектер арасында үстел теннисінен ҚР чемпионаты өтті.
«Атырау облысы мүгедек-тер спорт клубы» КМК жат-тықтырушысы Гүлнара ИМАНАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, мұндай жарыстар Қазақстанда тек екінші рет өткізіліп отыр, сондықтан да қатысушылар саны аз болған. Жарысқа Астана қаласынан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Атырау облыстарынан 17 спортшы қатысты.
Облыс құрамасынан жекелей есеп бойынша «алтынды» Насихан Махамбет, Раушан Орынбаева және Дария Маукенова, «күмісті» - Асылхан Саясатов, Жұлдыз Ерубаева және Шынар Кенжебаева, «қоланы» - Әсел Ғазизова жеңіп алды. Жұптық разрядта Д.Маукеова-А.Ғазизова, Н.Махамбет-А.Саясатов («алтын»), Ж.Ерубаева-Р.Орынбаева («күміс»), Аида Увалиева (Астана) - Шолпан Сисен (Атырау) («қола») жеңімпаз атанды.
Медальдық есепте бірінші орынды біздің облысымыздың құрамасы жеңіп алды, ал, екінші, үшінші орындарды Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары еншіледі.
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА
Күрес
Ақтөбеде есту қабілеті бойынша мүгедектер арасында еркін және грек-рим күресінен ел чемпионаты болып өтті.
Жарыста Атырау облысының мүгедектер спорт клубының спортшылары сәтті өнер көрсетті. Еркін күрес бойынша қола жүлдені Әлібек Құсайынов иеленді. Грек-рим күресі бойынша шеберлігімен көзге түскен Анарбек Марксов «күмісті» жеңіп алды. Спортшыларды Әнуар Өткелбаев жаттықтырады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ