Атырау, 22 желтоқсан 10:14
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Тахир Халматов: «Кір тасы зілтемірді ауыстыра алмайды»

Сурет
4 472 просмотра

Өткен жылдың қараша айында Хьюстонда ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында біздің облысымыз үшін Рио Олимпиадасына лицензия жеңіп алған жалғыз спортшы қазақстандық зілтемірші Ниджат Рахимов болды. Одан басқа жергілікті жігіттерден кімдер әлем чемпионаттарында өздерін танытпақшы? Біз ауыр атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Тахир ХАЛМАТОВПЕН (суретте) әңгімелеспекпіз.

«МЫҚТЫ ЖІГІТТЕР БАР, АЛАЙДА…»

- Тахир, айтыңызшы, өткен жылы спортшылар қандай жетістіктерге қол жеткізді?

- Өткен жылдың сәуір айында менің оқушым Анастасия Бурова Алматы қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. 90 келіні жұлқи көтеру және 105 келіні серпи көтеру нәтижелері бойынша талдықорғандық Анжела Шалхароваға (90+115) басымдық берді. Осы чемпионатта біздің облысымыздың атынан қатысқан Нұрболат Іргебей 135+170 нәтиже көрсете отырып, 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орынды иеленді. Іргебей Қызылорда облысының Шиелі стансасында туған, Алматыдағы «Шаңырақ» спорт интернатында оқиды.

- Анастасия Атырауда тұрады ғой?

- Біз үшеуміз – мен және менің екі оқушым Настя мен Нұргелді Ноғайбек бір пәтерде тұрып жатырмыз. Олар менімен бірге 2013 жылы келді, мен олар үшін ата-аналарының алдында жауаптымын. Олардың екеуі де №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Өткен жылы Настяға Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-дің спорт факультетіне түсу үшін балы жетпей қалды. Настя биыл тағы да бағын сынап көреді. Өткен жылдың маусым айында Қостанайда 1999-2000 және 2001-02 ж.т. жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Атырау атынан қатысқан үш спортшы үшінші орынды иеленіп қайтты. Мадьяр Ниязханов (50 келіге дейінгі) және Мұхтархан Сейданов (56 келіге дейінгі) «Шаңырақ» спорт мектебінде оқиды, оларды халықаралық санаттағы спорт шебері Мұхит Үсенбаев жаттықтырады. Олармен бірге облыс құрамасындағы менің оқушым Нұргелді (62 келіге дейінгі) де қола жүлдені иеленді.

- Жергілікті балалар неліктен жарысқа шықпайды?

- Атырауда мықты балалар бар. Олардың саны 20-ға жетеді. Алайда, олардың нәтижелері ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік бермейді. Бұл жердегі жаттықтырушылар 5-6 жылдан бері жұмыс жасайды, алайда, олар Қазақстан бойынша ең үздік деген ондыққа енетін бірде-бір спортшыны тәрбиелеген емес. Біздің ауыр атлетикадан үлкен держава екендігімізді ұмытпаңыздар! Бізде Илья Ильин және басқа да керемет зілтеміршілер бар… Мен жаттықтырушыларға үнемі жұмысқа жан-тәндеріңізбен берілу керек деп отырамын. 20 наурызда қала чемпионаты болды. 2001-04 ж.т. 20 қатысушы жиналды. Олардың арасынан көзге түскендерін ғана атап өтейін: менің оқушым Никита Ефремов, Олег Фофонов (жаттықтырушылары Игорь Мирғамбаев) және Қуаныш Мұхамедияр (жаттықтырушы Арман Өбиев).

ЭСКИЗ БОЙЫНША СПОРТЗАЛ

- Ниджат Рахимов қашаннан бері Атырау атынан шығып жүр?

- 2014-ші жылдан бастап. Азаматтықты рәсімдегенше оған турнирлерде ресми емес есеп бойынша шығуға тура келді. 2015 жылы барлық қағаздар рәсімделіп, Ниджат ресми түрде шыға бастады. Талдықорғанда өткен ҚР жазғы спартакиадасында ол 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атады, Өскеменде 1988 жылғы олимпиада чемпионы Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған республикалық турнирде «алтынды» жеңіп алып, әлемдік жаңа рекорд жасады. Кейін Хьюстонда әлем чемпианатында жеңіске жетіп, 2016 жылғы Олимпиадаға жолдама алды. Қазір біздің спортшымыз Алматы маңындағы Новоселовка селосында өтетін ҚР құрамасының жаттықтыру базасындағы басты төртжылдық жарысқа дайындалуда.

- №1 балалар мен жасөс-пірімдер спорт мектебінің ауыр атлетика залында осыдан бірнеше жыл бұрын теселген едендер және еденге соғылғанда ұшып кететін сапасыз штангалар болатын. Қазіргі жағдайы қалай?

- Иә, 2013 жылы дәл солай болды. Мені сонда жұмысқа шақырғаннан кейін мен ауыр атлетикаға арналған қолайлы зал қандай болуы керек соның эскизін сызып, керекті құрал-жабдықтардың тізімін жасап, біздің облыстық федерация президенті Руфат Ходжалақовқа бердім. Бір айдың ішінде федерация залды күрделі жөндеуден өткізіп, барлық қажетті жабдықтарды сатып әперді.

Қыста бізге Нұрсаядағы олимпиада резервтерін дайындау орталығынан орын берілді. Федерация барлық жаттығуға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді тағы да өз мойнына алды. Атырауда ауыр атлетикаға арналған барлығы үш зал бар. Үшінші зал «Мұнайшы» спорт кешенінде орналасқан. Ол жерде де күрделі жөндеу жүргізіп, жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Федерация бізге қолайлы орын ұсынылатын болса, барлық шығындарға келісім беріп отыр. Шілдеде Қостанайда 2000 ж.т. және одан төмен жылғы туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтеді. Оған іріктеу бойынша қалалық турнир 9 мамырда өткізіледі. Мықты деген зілтеміршілер баратын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет автордікі және Т.Халматовтікі

7 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.