Атырау, 29 қараша 07:48
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Бөдене жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы

Сурет
11 768 просмотра

Технолог Серік ЕЛУБАЕВ.

2 гектар жер алаңын алып жатқан бөдене фермасы жобасының жалпы құны - 162 млн теңге. Бұл соманың 49 пайыз қаржысы «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан бөлінсе, қалғанын ЖШС өз есебінен салған.

«Атырау-Бөдене» ЖШС жылына 2,6 млн бөдене жұмыртқасы мен 2,4 тонна бөдене етін өндіруді жоспарлап отыр.

- Фермада 11 адам еңбек етеді, - дейді «Атырау-Бөдене» ЖШС-нің директоры Қасымхан ЖАУЫНБАЕВ. - Бөдене өсіруші мамандарды табу қиын. Бірақ біз бала кезінен құс өсіретін Серік ЕЛУБАЕВПЕН таныстық. Күніне 500 жұмыртқа инкубатордан басылып шығады. Оның жартысын Атыраудағы «Сарайшық» коммуналдық базарында әр данасын 20 теңгеден сатуға шығарып отырмыз. Қалғандары бөдене санын көбейту үшін өсіріледі.

Бөдененің еттілеу дегенде салмағы 250-300 грамды құрайды. Қазір құс етінің саудасы тек тапсырыс бойынша жүреді. Базар нарқында бөдене етінің 1 келісі 5 мың теңге тұрса, бұлар 3 мың теңгені қанағат тұтып отыр.

- Бөдене еті мен жұмыртқасы денсаулыққа өте пайдалы. Бір грамм бөдене жұмыртқасында А және Д дәрумендері екі есе мол. Бұл диеталық өнімде фосфор, калий, темір, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы көп дегенді де білдіреді, - дейді технолог Серік Елубаев.

Зерттеулерге қарағанда дәріханалардағыдан гөрі бөдене жұмыртқасының қабығындағы кальций адам ағзасына өте сіңімді көрінеді. Ұсақталған жұмыртқа қабығын жүкті әйелдерге, балаларға беруге болады. Ол сүйектер пен тістерді қатайтады. Бөдене жұмыртқасын ұзақ сақтауға болады. Оны шикілей де, пісіріп те жеуге болады.

- «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 49 пайыз қаржыны қашан қайтаруды жоспарлап отырсыздар?

- Мен қарызды шаруашылығымды аяғына тұрғызғаннан кейін екі жылдан соң қайтара бастаймын. Оған дейін бөдене санын арттыру жоспары бірінші кезекте тұр. Екі инкубаторымыз бар. Тағы екеуін сатып алдық. Қосымша ғимарат салынатын болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген Айнұр САПАРОВА

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.