Биыл су тоғандарында мұздың ерте еруі салдарынан уақытынан бұрын басталған көктемгі балық аулау маусымы алдыңғы жылдармен салыстырғанда ең ұзақ маусым болмақ.
Ресми түрде ол 10 наурызда басталды. 12 балық аулайтын кәсіпорынның тоғызы балық кәсіпшілігіне тиісті рұқсат алып, жұмыстарына кірісті.
- Биыл Атырау облысында жергілікті өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарына өкілетті органдар 20 мың тоннадай қара балық тұқымдастарын аулауға лимит бекітті, - деп хабарлады «АЖ»-ға Дамбы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Асхат ҚАРАБАЛИЕВ, - Балық аулаушыларға Атырау облысының шегінде Жайық өзенінен 5 мың 827 тонна, Қиғаш өзені мен оның сағасы маңынан 4 мың 090 тонна, ал Каспий теңізінен 9 мың 322 тонна балық аулауға рұқсат етілді.
Көктемгі балық аулау маусымы Жайық өзенінде 25 сәуірге дейін, Қиғашта 25 мамырға дейін, Каспий теңізінде 10 мамырға дейін жалғасады.
- Көктемгі балық аулау маусымы кезінде «бес те үш» жүйесі бойынша «демалыс» қарастырылған. Кооперативтер бес күн балық аулап, содан соң балықтың уылдырық шашуға шығуын қамтамасыз ету үшін үш күн бойына балық аулауға шықпайды, - дейді А.Қарабалиев.
1 сәуірден бастап облыстың барлық су қоймаларында әуесқойлықпен балық аулауға толықтай тыйым салынатынын еске сала кеткен жөн. Ол 15 маусымға дейін жалғасады.
Тамара СУХОМЛИНОВА