Орташа статистикалық құқықбұзушы-шетелдіктің портреті біздің өңірімізде былайша көрініс табады: Өзбекстан немесе Ресей азаматы, жасы 24-тен 55-ке дейін, азаматтық немесе тіркелген некесі бар, білімі, әдетте, орта білімнен жоғары емес, балалары бар, өз мемлекетінде тұрақты жұмысы жоқ, соның салдарынан Қазақстан Республикасына маусымдық жұмысқа келеді.
Атырау қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Гүлфия СӘРСЕНОВАНЫҢ айтуынша, елімізде мигранттардың негізгі бөлігін Өзбекстан Респубилкасы мен Ресей Федерациясының азаматтары құрайды екен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы Атырау қалалық соты шетелдіктерге қатысты 36 азаматтық істі, ал 2015 жылы 110 істі қараған. Яғни, едәуір өсім жүріп жатыр. Жасақталған сот актілері бойынша, өткен жылы ҚР аумағынан 71 шетелдік шығарылған. 39 жағдайда елден шығарудан бас тартылған - әдетте, бұл ұсақ заң бұзушылықпен (мәселен, белгіленбеген жерге темекі тұқылын тастағаны үшін) немесе отбасылық жағдайына (Қазақстанда әйелі мен балалары бар) байланысты.
Қылмыстары үшін сотталған шетелдіктерге келер болсақ, бұл жерде «темірдей» тәртіп бар: алдымен осы жақта жазасын өтеп, содан соң елден шығарылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА