Иран Ислам Республикасы мен Пәкістан арасында барыс-келіс пен алыс-беріс артып, сауда-саттық, энергетика және экономика саласында әріптестік жанданады. Иран президенті Хасан Роуханидің Пәкістанға жасаған екі күндік сапары нәтижелі аяқталды.
Қос тарап өкілдері де Иранға салынған санкциялардың кесірінен кешеуілдеп қалған қатынасты қайта жаңғыртуға құлықты. Кездесу барысында тауар тасымалындағы кедергілерді азайту мақсатында, қосымша екі бақылау бекетін ашу келісімін қосқанда,алты құжатқа қол қойылған. Хасан Роуханидің айтуынша, Тегеран мен Исламабад еркін сауда аймағын құруға ниетті. Оған қоса, пәкістандық Гвадар мен ирандық Шахбахр порттары арқылы да байланыс жасау жайы талқыланған.
Хасан Роухани, Иран президенті:
- Пәкістаннің қауіпсіздігі біздің де қауіпсіздігіміз. Сондықтан екі ел аймағындағы тыныштықты сақтау үшін біз күш біріктіріп, шекарамызға берік болуымыз керек. Бұл өз кезегінде арам ойлы лаңкестердің бізге қауіп төндіруіне жол бермейді.
Дереккөз: 24.kz