Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылындағы балабақша Жылыой және Мақат аудандарында соңғы үш күн қатарынан жаңбыр жауып, бірнеше елді мекендердегі үйлерді су басты.
Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылындағы балабақша ғимараты судың ортасында қалғандықтан екі күннен бері жұмысын тоқтатқан. №№601, 602, 603, 605 үйлер орналасқан көшенің бойынша тұратын тұрғындар да қиындыққа тап болып отыр.
- Ауламыз суға толып, ортасында қалдық. Балаларға да сабақтан қалуына тура келіп тұр. Енді тездетіп мына судан арылтпаса суды да басатын түрі бар, - дейді Жаңа Қаратон тұрғыны Жұмагүл БАДРИТДИНОВА.
- Үшінші күн болды, ауламыз суға толған. Үйдегі еденіміз дымқыл тартып жатыр. Балалар мектептен қалды. Қазір суды екі вакуум тартып шығарып жатыр, бірақ су азаяр емес, - дейді поселкенің басқа тұрғыны Шолпан ӨТЕҒАЛИЕВА.
Құлсары қаласындағы Бесінші ауылдағы кейбір үйлер топан судың ортасында қалған. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жәрдем АХМЕТОВТЫҢ айтуынша, демеушілердің көмегімен көшелерді басқан суларды тартып шығару жұмыстары жүріп жатыр.
- Екі, үш күннің ішінде бәрі қалпына келеді, - дейді ол.
Мақат ауданы әкімдігі алты көше мен төрт үйдің ауласындағы судан тазартуға төрт ваккумды техника мен басқа да 15 шақты техниканы жұмылдырған.
- Исатай, Жылыой аудандарына қосымша техникалар жіберілді, - дейді Атырау облыстық ТЖ департаментінің бастығы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ. - Жергілікті әкімдік те қарап қалмай қолдағы техниканы жұмылдырып, демеушілердің көмегімен ваккум, мотопомпа, насостарды іске қосуда. Ал, Мақат ауданында жағдай ретке келтірілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор