12 наурызда жиырма шақты көлік ұрлау қылмысына қатысты қылмыскерлер тобы ұсталды.
12 наурызда сағат таңғы 6-да «102» пультіне Хёндай Тусон көлігінің қожайынынан қоңырау түсті. Ол белгісіз біреулердің Махамбет көшесінің бойындағы 119-үйдің ауласында тұрған көлігінің әйнегін сындырып, салонға кіргенін көріпті. Сол жерге жергілікті полицей қызметінің қызметкерлерінен тұратын «Батыс-25» экипажы жіберіледі.
– Полицейлер қашып кетпек болған белгісіз тұлғалар тобын байқайды. Бірақ олар «Ағила» СҮ маңында ұсталды. Ұсталушылар – 18-20 жастағы қала тұрғындары, - дейді Атырау қалалық жергілікті полицей қызметінің бастығы Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Олар Атырау қаласының жергілікті бөліміне жеткізіліп, тергеу-жедел тобына берілді.
Кейінірек анықталғандай, жастар осы түні қаланың түрлі бөліктерінен тағы үш көлікті тонап үлгеріпті. Полицейлердің айтуынша, ұсталушылар мойындау жауаптарын берген. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында олардың тағы осындай 15 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Автомагнитолалар, барсеткалар қылмыскерлердің олжасына айналған.
Соңғы кездері осындай қылмыстар саны едәуір көбейгендіктен, полицейлер көлік иелерін қырағылыққа шақырып, дабылдатқыш орнатуға, сондай-ақ, өз көліктерін көлік тұрақтарына немесе жарығы бар жерлерге қоюға кеңес береді. Қылмыскерлердің назарын аудармас үшін салонға бағалы заттар, ақшалай қаржылар мен құжаттар қалдыруға болмайды.
– Егер қылмыс жасалған болса, дереу ішкі істер органдарына «102» нөміріне (қоңырау тегін) немесе 98-15-05, 27-26-10 нөмірлеріне хабарлауды сұраймыз, - дейді Биғамбаев.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА