Масленица мерекесіне тура келген өткен жексенбі күні қала тұрғындары мен қонақтары қойылтылған сүт, қаймақ, тосап жағылған құймақшалар мен шоққа қайнаған орыс самаурынынан құйылған шайдан дәм ауыз тиді.
Бұл мерекені тойлауды Drive Atyrau автоқоғамдастығы, «Фантом» байкерлік клубы және Subaru Atyrau клубының қолдауымен «Былина» орыс этномәдени бірлестігі ұйымдастырды.
Дәстүр бойынша Масленица апталығы православиелік оразаның алдында болады. Осы уақытта кейбір тыйымдар қолданыла бастайды – үйлену тойларын жасамайды, ас мәзірінен етті алып тастайды.
– Есесіне осы апта бойына көңілді жомарт дастархан жайылады, басты тағам – түрлі рецептілер бойынша әзірленетін құймақшалар, - дейді «Былина» ЭМБ төрағасының орынбасары Раиса БИТКОВА. –Масленицаның әр күнінің өз атауы бар. Әрқайсысына белгілі бір іс-қимыл бекітілген, бірақ ең басты күн – Кешірілген жексенбі, мереке осы күнмен аяқталады. Бұл күні бүкіл өкпе-реніштерді кешіріп, өзің де бәрінен кешірім сұрауың керек.
Тағы бір орыс халқының нанымы – Масленица біткенде қыс та бітіп, көптен күткен көктем келеді. Меймандарға «жаворонка» бөлкелерінен ауыз тигізді. Оны славяндар 22 наурызда атап өтілетін көктемгі Жаворонки мерекесінде пісіреді.
Дәстүр бойынша құймақшалар қойылған дастарханнан соң ән мен биден кейін, қызықты ойындар ойналып болған соң Масленицаның қамыс тұлыбы өртелді. Ал бұл көктем басталды дегенді білдіреді.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор