AФото: Lenta.ruҚШ-тағы президент сайлауы науқанында республикашылар арасындағы бәсекеде миллиардер Дональд Трамп кезекті сайлауалды кезеңінде жеңіліп қалды.
Вашингтонда (Колумбия федералдық аймағы) өткен кокуста (партия жиынында дауысқа түсу) Трамп Флорида штатының сенаторы Марко Рубиодан ұтылса, Вайоминг штатында Техастан сайланған сенатор Тед Круз Трамптан озды.
Сайлауалды науқан кезінде АҚШ-тағы келеңсіздіктердің барлығына мигранттар мен мұсылмандарды кінәлап, популистік әрі ксенофобиялық риторикаға сүйенген Дональд Трампты республикашылар истиблишменті қолдамайды.
АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат болғысы келетін үміткерлердің әрбірі штаттарда өтетін алдын ала дауыс беруде кемінде 8 рет жеңіске жетуі тиіс. Ортақ кандидат туралы түпкілікті шешім шілде айында өтетін партия съезінде қабылданады.
Демократтар арасындағы бәсекеде әзірше АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон алда келеді. Оның негізгі бәсекелесі – сенатор Берни Сандерс.
АҚШ-та президент сайлау 2016 жылы 8 қарашада өтеді.
Дереккөз: azattyq.org