Кикбоксинг
Челябинскіде кикбоксингтен бүкілресейлік ашық турнир өтті. Бұл турнирден атыраулық спортшылар 3 алтын және 2 күміс медальмен оралды.
Облыстық кикбоксинг федерациясының директоры Ерік БОТАХАНОВТЫҢ айтуынша, турнирде ұлттық құрама командасында бес атыраулық спортшы бақ сынады. Айта кету керек, қонақтардан тек қазақстандықтар ғана қатысты.
- Теңдесіз жетістікке қол жеткіздік деуге болады,, - дейді Ботаханов. – Финалға шыққан бес спортшымыздың бесеуі де медальға ие болды, бұл әрине, сөзсіз жаттықтырушы Данияр Юсупов үшін жоғары жетістік емес пе?
«Алтынға» Абзал Юсупов, Жандос Назарбеков және Жанәлі Сәлімгереев ие болса, «күмісті» - Аллаберген Қайса және Азамат Өтемісов иеленді. ҚР құрамасы Челябинскіде фулл-контакт бөлімі бойынша жалпы командалық есепте алты алтын медальді қанжығаға байлап, жеңімпаз атанды.
Сурет Ерік Ботахановтікі
***
Дзюдо
Өскеменде 1996-1997 жылғы жастар арасында дзюдодан ел чемпионаты өтті.
Атыраулық қатысушылар арасында Қанат Сейіхан, Эльмира Самиғоллаева күміс алқалар, Анель Сүлейменова, Саида Қапсалыхова мен Фархат Серіков қола алқалар алды. Спортшыларды жаттықтырушылар Р. Құлбаев, М. Есмағамбетов пен К. Сүлейменов дайындады.
***
Самбо
Талдықорғанда 1998-99 ж.т. жасөспірімдер мен қыздар арасында өткен еліміз чемпионатында самбодан облыс құрамасы табысты оралды.
48 келіге дейінгі салмақта өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асқар Испусинов чемпион болды, осы салмақта қола медальды Еркебұлан Қуанғалиев иеленді. Қыздар арасында 44 келіге дейінгі салмақта Айзада Алмаз еліміздің чемпионы атанды. Ал, 48 келіге дейінгі салмақта «күміс» пен «қола» Айымгүл Махуова мен Гүлзада Алмазға бұйырды. Бұдан басқа 75 келіге дейінгі салмақта «күміске» Жанаргүл Қизатова, 70 келіге дейінгі салмақта «қолаға» Айшат Мұратқызы ие болды. Асқар мен Айзада Румынияның Плоешти қаласында әлем чемпионатына және Ашхабатта өтетін Азия чемпионатына Қазақстан атынан қатысу құқығын алды. Балаларды №1БЖСМ жаттықтырушылары К. Досқалиев, Д. Жақсиев және А. Жұмабеков дайындады.
***
Таеквондо
Ақпан айында түріктің Анталия қаласында арасына екі күн салып таеквондодан екі ірі халықаралық турнир – Түркияның ашық чемпионаты және Еуропа чемпионаты өтті.
Атыраудан бұл сайысқа Айгүл Елубай (73 келіге дейінгі салмақта) қатысты. Түркияның ашық чемпионатында ол алғашқы жекпе-жекте түріктің мықты спортшысынан жеңіліп қалып, одан әрі жарысқа қатысудан шеттетілді. Еуропа чемпионатының бірінші айналымында Айгүл грек спортшысынан басым түсті, ал, жартылай финалда мықты түрік спортшысымен қайта кездесіп, тағы да тізе бүкті. Нәтижесінде Айгүл Еуропа чемпионатының «қола» жүлдесіне ие болды.
Дайындағандар Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Анастасия ПАСТУХОВА