Атырау, 22 желтоқсан 09:58
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​«Балалар - нағыз ерлер»

2 190 просмотра

Image 0Бүгін біз мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жетістіктері туралы «Спешл Олимпик» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалының директоры Бағытжан РАХБИЕВПЕН (суретте) әңгімелесуді жөн көрдік.

Image 1

– Біздер психикалық дамуы кешеуілдеген балалармен жұмыс жасаймыз. Жұмыс нәтижесі жаман емес. Балалардың командадағы ойындары олардың қабілеттерінің дамуын жеделдетеді. Сол себепті мен жаттығуларымызды емдік шаралар деп есептеймін.

«ЖС» анықтамасы:
Бағытжан Рахбиұлы Рахбиев, 69 жаста, спорт ардагері, қазақ күресі және еркін күрестен КСРО спорт шебері, осы спорт түрлерінен 1970 жылғы бүкілқазақстандық спартакиаданың жеңімпазы, Атырау қаласындағы №1 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері.

Өткен жылдың басында аймақтық дене шынықтыруды дамыту орталығының қаржысына волейболдан және флорболдан облыстық турнирлер өткізілді. Біздің филиал өз қаржысы есебінен баскетболдан, мини-футболдан және жеңіл атлетикадан жарыстар өткізді. Ең үздік баскетболшылар болып №1 Қазыбаев атындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Борис Астахов, Сергей Доненбаев, Алексей Алимбаров атанды. Қазір «Спешл Олимпик» филиалы жаңа даму кезеңінде. Бұрын халықаралық және республикалық турнирлерде Сарайшық интернатының тәрбиеленушілері жақсы жетістіктерге ие болып келген еді. Кейін дәрігерлер оларды жарыстарға жіберуден бас тартты. Махамбет ауданындағы қосалқы интернаттың дәрігерлері де келесі жылдан бастап өз командаларын жарыстарға жібермейтіндігін мәлімдеді. Ал, Лесхоз ықшамауданындағы жүйке-неврологиялық интернатының тек төрт тәрбиеленушісі ғана спортпен шұғылдана алады. Мұндай жағдайда біз қаладағы психикалық дамуы кешеуілдеген балалардан жасақталған сыныптары бар Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Исатай Тайманов атындағы мектеп оқушыларын тартып отырмыз. Қазір соларды жаттықтырудамыз.

– Спортшыларыңыздың өткен жылғы жетістіктері қандай?

– Ақпан айында біз Алматы қаласында боулинг бойынша өткен республикалық турнирге қатыстық. Облыс атынан Лесхоздағы жүйке-неврологиялық интернат тәрбиеленушілері бақ сынады. Алтын медальға Нұрболат Уәлиев ие болды, үшінші орынды Әлия Табылғанова, төртінші орынды Әсем Молдағалиева, жетінші орынды Александр Смирнов иеленіп келді.

Ал, сәуір айында Ақтау қаласында команда баскетболдан өткен турнирге қатысып, алаң иелерінен кейінгі екінші орынды иеленіп қайтты. Дәл осындай нәтижені біз Атырауда өткен мини-футбол турнирінде де көрсеттік. Мұнда бірінші орынды Астана командасы иеленсе, үшінші орын алматылықтардың еншісіне бұйырды. Біздің команданың құрамында үздік шабуылшы болып Данияр Шамилинов табылды, Александр Белов үздік қорғаушы атанды. Басқа ойыншыларымыз да өздерін көрсете білді: ағайынды Александр мен Николай Ольденбург, Нұрәділ Елеусін, Павел Коноплев, Михаил Тайжан. Олардың барлығы да - Махамбет қосалқы интернатының тәрбиеленушілері. Тағы да осы айда Ақтөбеде жүзуден өткен турнирде Александр Безношенко, Александр Алимбаров, Елизавета Сафронова және Людмила Завозниковалар алтын медальмен оралды. Олардың төртеуі де №1 С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері. Бұдан басқа, олар 4 метрден 50 метрге дейінгі эстафетада «алтын» жүлде иегерлері атанды.

– Команда Лос-Анджелесте мүмкіндіктері шектеулі спортшылар үшін өтетін Арнайы Олимпиадада өздерін қалай көрсетті?

– Бұл олимпиадаға 135 мемлекеттен келген командалар қатысты. Атырау облысының құрама командасының бұл сапарын NCOC компаниясы қаржыландырды. Оның құрамында мұндай жарыстарға бірнеше рет қатысқан алматылық Андрей Косюхин болды. Балалар мақтауға лайық болды. 50 метр қашықтықта брасс жүзуден «алтынды» және осы қашықтықта құлаштап жүзуден «күмісті» Екатерина Обратнова жеңіп алды. Андрей 50 метр қашықтықта брасс жүзуден екінші нәтиже көрсетті, Қанат Қапанов 50 метр қашықтықта құлаштап жүзуден төртінші орынды иеленді. Екатерина Чеботарева 50 метр қашықтықта құлаштап жүзуден екінші болып келді, алайда мәреге жақындаған кезде қателесіп, қарсыласының жолымен жүзіп өтті, сол себепті оның нәтижесі есептелмеді. Алайда, олардың төртеуі де 4 метрден 50 метр аралығындағы эстафетада нағыз шеберлік танытып, қанжығаларына алтын медальдарды байлады. Айта кету керек, бұл маңызды жарыс алдында команда Алматыда денешынықтыру және спорт академиясының бассейнінде оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

– Келер жылдың жоспарлары қандай?

– Бес облыстық турнирге қатысуды және республикалық турнирлерде команданың бағын сынауды жоспарлап отырмыз. Боулингтен Шымкентте, үстел теннисінен Қостанайда, жүзуден Оралда және баскетболдан Ақтауда өтпекші. Сондай-ақ, Атырауда мини-футболдан турнир өткізетін боламыз. Шілде айында Швецияда «Спешл Олимпик» еуропалық турнирі өтеді. Біз спорттың бірнеше түрінен команда дайындап жатырмыз және медальдардан үміттіміз.

Суретті түсірген автор және Б. Рахбиев

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


10 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.