Атырау, 29 қараша 08:47
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Әйелдер түрмесінде сұлулық бөлмесі ашылды

4 740 просмотра


Атырау қаласының УГ-157/11 әйелдерді түзеу колониясында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында психологиялық релаксация бөлмесі, сұлулық бөлмесі мен спортпен және йогамен айналысу залы ашылды.

Бұл «Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің бастамасымен жасалды. Өкілдік қызметкерлері жазасын өтеп жатқан әйелдерді мерекесімен құттықтауға арнайы келіп, сыйлақтар табыс етті. Сұлулық бөлмесінде әйелдер тек қана күтім жасап қоймайды, оларға мұнда шаштараз мамандығын меңгеруге мүмкіндік беріліп отыр. Ал, бұл ертең бостандыққа шыққанда қажет болады.

Мереке кезінде колонияда отрядтар арасында суреттер сайысы ұйымдастырылып, туған-туыстарымен кездесу және фотосессия ұйымдастырылды.

Халықаралық түрме реформасы ұйымының зерттеу мәліметіне сәйкес, сотталған әйелдердің жартысынан көбі психологиялық қолдауға зәру.

- Зерттеу барысында белгілі болғандай сотталған әйелдердің көбісі бірінші рет қылмыс жасаған. Олардың 20 пайызы жасы 30-ға дейінгілер болса, 60 пайыздайы 30-50 жас арасындағылар. Ал, шамамен бестен бірінің жасы 50-ден асқандар, - дейді Penal Reform International Халықаралық ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің аймақтық директоры Азамат ШАМБИЛОВ. – Біз, сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған балалары бар сотталған әйелдерге қолдау көрсетеміз. Мұнда оларға арналған ойын алаңдары мен балаларымен кездесу бөлмесі жасақталған. Ең басты айта кететін жайт – әйелдер колониясында БҰҰ Халықаралық талаптарына сай (Бангкок Ережесі) арнайы оқудан өткен әйелдер қызмет етеді.

Бүгінде Қазақстандағы алты әйелдер колониясында 3 014 әйел жазаларын өтеп жатыр. Ал, Атыраудағы Батыс Қазақстанның төрт облысы бойынша сотталған әйелдер колониясында 252 әйел жазасын өтеуде.

Айнұр САПАРОВА

10 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.